Үш баласымен бірге 9-қабаттан секіріп кеткен әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үш баласымен бірге терезеден секіріп, мерт болған әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш баласымен бірге 9-қабаттан секіріп кеткен әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті.

«Аталған факті Әуезов ауданы полиция басқармасында қылмыстық кодекстің 105-бабы («өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша тіркелді. Кешенді тергеу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - дейді С.Әзірбек.

Еске салайық, 2021 жылдың қарашасында «Жетісу» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде 28 жастағы әйел 2015, 2016 және 2019 жылғы балаларымен бірге 9-қабаттан секіріп кетті. Әйел мен екі баласы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір бала жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.