Үш бірдей майдангер «Орал қаласының құрметті азаматы» атанды
ОРАЛ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қалалық мәслихатының 14-сессиясы болып, онда үш бірдей майдангерге «Орал қаласының құрметті азаматы» атақтары берілді.
Қалалық мәслихаттан түскен мәліметке қарағанда, соғыс және еңбек ардагерлері Бисен Жұмағалиев, Павел Букаткин, Иван Гапич құрмет төріне көтерілді. Ленинград майданында жаумен шайқасқан Бисен Жұмағалиев соғыстан кейін облыстық газеттің редакторы, аудан басшысы, Батыс Қазақстан және Көкшетау облыстық партия комитеттерінің хатшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Қазір облыс әкімінің кеңесшісі. Павел Букаткин көп жыл Орал педагогикалық институтында (қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚМУ) қызмет еткен өңірге танымал тарихшы болса, Иван Гапич - прокуратура ардагері, 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан майдангер.