Үш күн ішінде Ақтөбе облысында адам өмірін қиған үш жол апаты болды

АҚТӨБЕ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысында үш күн ішінде адам өмірін қиған үш жол-көлік апаты тіркелді,

Үш күн ішінде Ақтөбе облысында адам өмірін қиған үш жол апаты болды

деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

14 қазан күні «Тойота» маркалы көлік мінген 18 жастағы жігіт Әбілқайыр хан даңғылындағы жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан 20 жастағы Темір ауданының тұрғынын қағып кеткен. Жүргінші алған жарақатынан жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында қаза тапты. Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр.

Адам өмірін қиған екінші жол апаты 15 қазан күні «Алға-Есет батыр» жолының 6-шы шақырымында болған. Есет батыр кентіне бара жатқан «Фольксваген Пассат» көлігінің 24 жастағы айдаушысы рөлге ие бола алмай, жолдың жиегіне аударылып қалған. Ол алған жарақатынан апат орнында көз жұмды.

«Ойыл-Қобда» жолының бойындағы Ойыл кентінен 30 шақырым жерде 16 қазан күні тағы бір жол апаты тіркелді. Ойыл кентінен Қобдаға қарай бет алған ГАЗ-31029 автокөлігінің 39 жастағы жүргізушісі көлік руліне ие бола алмай, жол шетіне аударылып қалған. Көлік жүргізушісі Қобда кентінің ауруханасына жатқызылды, ал 39 жастағы жолаушы апат орнында жан тапсырған.