Үш мыңға жуық қырғызстандық Таяу Шығыс елдерінен отанына оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты шамамен үш мың қырғызстандық өз елдеріне қайтты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментінің директоры Сейтек Жұмакадырұлы брифингте хабарлады, деп жазады Кабар.
Оның сөзінше, Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Қырғызстанға қайтару жұмысын жалғастырып жатыр. Алдағы күндері қалған азаматтардың келуі жоспарланған.
— Қазіргі уақытқа дейін Қырғызстанға оралғандардың 426-сы мемлекет ұйымдастырған тегін рейстермен эвакуацияланды. Қалғандары өздері ұшып келді, — деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Таяу Шығыс елдерінде шамамен 22 мың қырғызстандық азамат жүргені хабарланған.
Осыған дейін Қатардағы круиздік лайнерде қалған қырғызстандықтар 8 наурызда елге оралатыны айтылды.