Үш мыңға жуық сарбаз Жайық жағалауында бөгет салып жүр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында 2962 сарбаз Жайық жағалауында бөгет салып жүр.

Атырау облысы жедел штабының мәліметіне сүйенсек, әр өңірден көмекке келгендердің қатарында әскери қызметкерлер бар.
Бөгет салуға Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, шекара қызметі, төтенше жағдайлар және полиция құрылымдарынан 2962 сарбаз тартылған.
Солардың қатарында Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонындағы № 82796 әскери бөлімінің әскерлері де бар.

«Біз бұл өңірге бес күн бұрын келген едік. Басты мақсатымыз — Жайық өзенінен төнуі мүмкін су тасқынының алдын алу. Біздің әскерилер Атырау қаласындағы № 36 мектепке орналасты», -дейді әскери бөлімнің кіші сержанты Елдар Жәнібеков.
Ал, Махамбет ауданында 80 шақырым бөгет салу жоспарланған. Оның 20 шақырымы жаңадан салынған.
Бұл ауданда Жайық өзенінің жағалауына құм толтырылған 800 мың қап төселген.
«Шымкент қаласындағы № 35748 әскери бөлімінен 300 әскери қызметші келдік. Өзіміздің 17 техникамыз бар. Елді мекендерді су тасқынынан мықты бөгет ғана қорғайды. Сол себептен, бөгетті тез әрі сапалы салуға жұмыстанудамыз», -дейді шымкенттік әскери қызметші Мирас Жанәбілов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы бөгет құрылысына өзге өңірлерден жеткізілген техникалар тартылғанын хабарлаған едік.
