Үш облыста ауа температурасы 40 градустан жоғары болады - Қазгидромет
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК-сы шілденің 21-і күнгі күн райы болжамын жариялады.

Кәсіпорынның деректеріне қарағанда, республикамыздың басым бөлігінде антициклон жотасы ықпалынан күн жауын-шашынсыз болады, тек еліміздің шығысында, оңтүстік-шығысының таулы аудандарында атмосфералық фронталды бөліктердің өтуімен байланысты күн құбылмалы болады, найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Қазақстанның шығысында бұршақ жауып, дауыл тұрады, түнде қатты жаңбыр жауады.
Республика бойынша жел күшейіп, оңтүстік облыстарда шаңды дауыл тұрады, еліміздің солтүстігінде, солтүстік-батысында түнде және таңғы сағаттарда тұман түседі.
Күндіз Маңғыстау облысында 38-42 градус ыстық болады, Атырау облысында 35-39 градус, Батыс Қазақстан облысында 35-37 градус, Жетісу облысы мен Алматы облысында 35-38 градус, Абай облысының оңтүстігінде 35 градус, Түркістан облысының оңтүстігінде 42 градус ыстық болады. Сондай-ақ күндіз Атырау облысының батысында 41 градус, Маңғыстау облысының оңтүстігінде 43 градус ыстық болады.
Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, орталығында, Атырау облысының батысында, шығысында, Қостанай облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, Ұлытау облысының солтүстігінде, Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында, Павлодар облысының оңтүстігінде, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстарында, Жетісу облысында, Жамбыл облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында, Атырау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, Қарағанды облысының батысында, оңтүстігінде, Ұлытау облысының оңтүстігінде, шығысында, орталығында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, Абай облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі күтіледі.
Осыған дейін Кореяда толассыз жауыннан 14 адам қаза тауып, 12-сі із-түзсіз жоғалғаны туралы жаздық.