Үш облыста ауа температурасының төмендеуі күтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 мамыр күні республика аумағының басым бөлігі антициклон тарамдарының ықпалында болады.
Осыған байланысты ашық, жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек батыс және қиыр солтүстікте атмофералық фронттардың өтуіне байланысты күн райы құбылмалы болатыны болжануда, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-батыс аймағының кей жерлерінде шаңды дауыл көтеріліп, оңтүстік-шығыста тұман болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, күндіз Атырау, Қызылорда облыстарының жекелеген жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді.
Маңғыстау облысының кей аумақтарында желдің екпіні 15-20 м/с дейін артады, күндіз шаңды дауыл көтеріледі.
Жамбыл облысының кей жерлерінде жел 15-23 м/с күшейіп, тұман болады.
Алматы облысының кей жерлерінде түнде тұман күтіледі.
Түнде Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей аумақтарында ауа температурасы - 4 градусқа дейін төмендейді.
Павлодар облысының жекелеген жерлерінде топырақ бетінде 0-2 градус үсік жүреді.