Қазақстандық балуандар самбодан әлем чемпионатының 2-ші күні 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Астана қаласында самбодан әлем чемпионатының 2-күні Қазақстан құрамасының 3 спортшысы финалда күш сынасты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

дзюдо
Фото: Olympic.kz

Спорттық самбодан 64 кг дейінгі салмақта Есентай Имаханов аса тартысты айқаста өзбекстандық Сардор Олимжоновтан жеңісті жұлып алып, алтыннан алқа тақты.

Ал спорттық самбодан ақтық сында Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг) Анастасия Луканинадан (FIAS-1), ал Еламан Қойшыбаев (88 кг) Сергей Рябовтан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ жауынгерлік самбодан Арнұр Қуатай (71 кг) мен Ұлбосын Әділова (80 кг), спорттық самбодан Шынар Абатова (72 кг), пара самбодан Асқар Каиров қола жүлдегер атанды.

Бүгін жүлдегерлерді марапаттауға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

Еске сала кетейік, кеше, әлем чемпионатының алғашқы күні Ұлттық құрама 1 алтын, 4 қола медаль жеңіп алған. Қазір еншімізде 2 алтын, 2 күміс, 8 қола медаль болды. Ертең шешуші жарыс күні өтеді.

Биылғы ӘЧ-на 80 мемлекеттен 470 спортшы жиналды. Ал еліміздің намысын 28 отандасымыз қорғап жатыр. Осы чемпионаттың ерекшелігі - әйелдер арасында жауынгерлік самбо мен зағиптардың сайысы бірінші мәрте енгізілуі.

ӘЧ-ның жалпы жүлде қоры 311 мың АҚШ доллары (1-орын - 4 000 доллар, 2-орын - 3 000 доллар, 3-орын - 2 000 доллар және зағиптар арасындағы чемпион - 1 000 доллар).

Осыған дейін Астанада 2005 жылы қарашада спорттық самбодан әлем чемпионаты өтіп, Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған.

Осыған дейін Астанада самбодан әлем чемпионаты басталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар