Үш технологиялық алпауыт жасанды интеллект үшін бірыңғай стандарт әзірлемек
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та жасанды интеллект модельдерін дамыту қарқынын бәсеңдету мәселесі талқыланып жатқан тұста, Anthropic, Google және OpenAI сияқты жетекші технологиялық компаниялар жасанды интеллект саласында стандарттар әзірлейтін арнайы орган құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.
АҚШ-та жасанды интеллект модельдерін дамыту қарқынын бәсеңдетуге қатысты үндеулерден кейін бұл технологияны реттеу жөніндегі ұсыныстарды талқылау жалғасып жатыр.
CNN мәліметінше, аты-жөнін атамаған дереккөздер Anthropic, Google және OpenAI компаниялары саладағы ортақ стандарттарды айқындайтын жеке орган құру мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлаған.
Дереккөздердің айтуынша, келіссөздердің басталуына Anthropic зерттеушісі Джейкоб Коксонның қызметінен кетуі емес, негізінен Google DeepMind компаниясының негізін қалаушылардың бірі Демис Хассабистің шілде айында жариялаған мақаласы түрткі болған. Хассабис өз мақаласында АҚШ басқаратын жасанды интеллект стандарттарын әзірлейтін ұйым құруды ұсынған.
Келіссөздерге қатысы бар дереккөздер талқылаулардың АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің қатысуына қарамастан жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, технологиялық сектор жетекшілері жасанды интеллектіні бақылау мәселесінде әзірге ортақ пікірге келе алмаған.
Хассабис өз мақаласында мемлекеттік бақылауда болатын және мемлекеттік әрі жеке сектордың ынтымақтастығына негізделген ұйым құруды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай мекеме жасанды интеллекттің озық модельдерін қолданысқа енгізбес бұрын арнайы сынақтан өткізуі тиіс.
Жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін америкалық Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеи 12 қыркүйекте компанияның сайтында мақала жариялады. Бұл оның компания зерттеушісі Джейкоб Коксон жасанды интеллект мәселелерінде жауапкершілік жеткіліксіз деп есептеп, қызметінен кеткеннен кейін болды.
Амодеи жасанды интеллект технологиясының геометриялық прогрессиямен дамуы адамның бұл жүйелерді түсіну және бақылау мүмкіндігінен асып кетуі ықтимал екенін ескертті. Осыған байланысты ол технологияның даму қарқынын бәсеңдетіп, оны бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.
Илон Маск Амодеидің ұсынысын қолдады. Anthropic басшысы жасанды интеллектпен айналысатын компанияларды біріктіріп, қауіпсіздік стандарттарын белгілеу және ИИ технологияларын нарыққа шығару қарқынын реттейтін нақты ережелер әзірлеу қажет екенін айтқан болатын. Маск X әлеуметтік желісінде: «Дарио дұрыс айтады», – деп жазды.
OpenAI бас директоры Сэм Альтман да бұл ұсыныспен келісетінін айтып, тәуелсіз бағалау мәселесінде осындай қадамдарға баратынын мәлімдеді.
Амодеи өз мақаласында АҚШ әкімшілігі Қытайға микросхемалар экспорттауға қойылатын шектеулерді күшейтіп, қытайлық жасанды интеллект зертханаларының америкалық компаниялардың модельдерінен арнайы «дистилляция» әдісі арқылы дерек алуына жол бермеуі керек екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Еуропалық Одақ соты Google-ға салынған 4,1 млрд еуро айыппұлды күшінде қалдырды.