Үш жыл бұрын өмір сыйлаған донор мен 7 жастағы бала алғаш рет кездесті
АСТАНА. KAZINFORM — Дағыстаннан келген сүйек кемігінің доноры үш жыл бұрын өмір сүруге мүмкіндік сыйлаған 7 жастағы баламен алғаш рет Алматыда кездесті. Бұл – сүйек кемігі доноры мен реципиенттің алғашқы халықаралық кездесуі, деп жазды Денсаулық сақтау министрлігі.
Балаға небәрі 3,5 жасында «Апластикалық анемия» диагнозы қойылған. Бұл — сүйек кемігі өмір үшін аса маңызды қан жасушаларын өндіруді тоқтататын ауыр қан ауруы. Баланы аман алып қалудың жалғыз жолы сүйек кемігін трансплантаттау болды.
2023 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында пациентке гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау операциясы жасалды. Үйлесімді донор Ресей Федерациясының тіркелімінен табылып, дәл осы шешім баланың өмірін сақтап қалып, оның өсіп-жетілуіне мүмкіндік берді.
— Пациент орталыққа түскен кезде дәрігерлер оған «Жүре пайда болған апластикалық анемия. Өте ауыр түрі» деген соңғы клиникалық диагноз қойды. Реципиент пен оның бауырына HLA-типтеу жүргізілді. Өкінішке қарай, туыстарының арасынан үйлесімді донор табылмады. Осыған байланысты туыстық байланысы жоқ донорды іздеу процесі басталып, ол Ресейден табылды. Кейін гемопоэздік дің жасушаларын аллогендік трансплантаттау жасалды. Бүгінде арада үш жыл өтті, баланың жағдайы қанағаттанарлық, — деді гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау бөлімшесінің меңгерушісі Ерғали Сәрсекбаев.
Бұл оқиғаның ерекше маңыздылығы — донор да, реципиент те Дағыстаннан шыққанымен, әртүрлі елдерде тұрады. Бүгінде бала 7 жаста. Ол мектепке барып, бірінші сыныпты аяқтады, ойнайды, армандайды және толыққанды өмір сүріп жатыр.
Кездесу барысында Ахмет пен Абдулла ер азаматтарға тән сабырлылықпен қол алысып, кейін бір-бірін құшақтады. Ал Абдулланың анасы толқуын жасыра алмай, көз жасына ерік берді.
— Рақмет саған, Ахмет! Үлкен рақмет! — деді 7 жасар Абдулла Яхияров өзін құтқарған, генетикалық тұрғыдан ең жақын адамын құшақтап.
— Нағыз батырлар — осы кездесудің өтуіне себеп болған барлық дәрігерлер. Дағыстанда да, Қазақстанда да еңбек еткен мамандарға алғысым шексіз. Мен тек себепкер болдым. Құдіреті күшті Алла мені осы балаға көмектесу үшін таңдады, — деді Дағыстаннан келген 30 жастағы Ахмет Абдуллаев қарапайымдылықпен.
— Трансплантация жасау қарқыны жылдан-жылға артып келеді. 2025 жылы Балалар онкологиясы және гематологиясы орталығында 2500-ден астам бала ем қабылдады. Барлығы 58 трансплантация жасалды, оның ішінде 18 аутологиялық, 8 гаплоидентті және 31 гемопоэздік дің жасушаларын аллогендік трансплантаттау, сондай-ақ туыстық байланысы жоқ донорлардан 12 трансплантаттау орындалды, — деп атап өтті кездесуде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Балалар онкологиясы мен гематологиясы республикалық орталығының басшысы Гүлнара Әбділова.
Кездесудің мақсаты — сүйек кемігі донорлығының маңыздылығына қоғам назарын аудару және ең күрделі жағдайларда да пациенттерге өмір сүруге мүмкіндік беретін Ұлттық донорлар тіркелімін дамытуға қолдау көрсету.
Айта кетейік, елімізде 2026 жылдың І тоқсанында 77 ағза трансплантатталды.