Үш жылда бюджет тапшылығы қалай өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Келер жылы республикалық бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3 пайыз болуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты.
- Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3 пайыз деңгейінде айқындалып, 2028 жылы 1 пайызға және 2029 жылы 0,4 пайызға дейін кезең-кезеңімен төмендейді. Мұнайға қатысты емес тапшылық 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 5,3 пайыздан 2028 жылы 3,5 пайызға және 2029 жылы 2,5 пайызға дейін қысқарады, - деді А. Әмрин.
Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі параметрлері де бюджет қағидаларын қолдануды ескере отырып айқындалды. 2027–2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2–109,4 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды.
- Атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы – 29,4 трлн теңге, 2029 жылы 29,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр, - деді вице-министр.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды.