Үш жылдық бюджет әлеуметтік міндеттерді толығымен орындауға негізделген - Сағынтаев

«Бүгін біз еліміздің негізгі қаржы құжаты, яғни үш жылдық бюджетті мақұлдадық. Бұл еліміздің тұрақты даму жолындағы Парламенттің де, Үкіметтің де атқарып келе жатқан ең жауапты әрі маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан біз бірлесіп, Елбасының тапсырмаларын басшылыққа алып, мемлекет қаржысын тиімді пайдалануға айрықша мән беруіміз керек», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2018-2020 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасын қабылдап, Үкіметке қолдау жасалғанына алғысын жеткізді.
«Бүгінгі мақұлданған бюджеттің жобасы негізінен экономикамыздың өсімін қамтамасыз етуге, әлеуметтік міндеттерді толығымен орындауға, негізгі бағдарламалық құжаттарды іске асыруға, яғни Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да сіздермен бірлесе іс-қимылдарымызды ортақтаса отырып, жұмысымызды жалғастырамыз деп сенім білдіргім келеді», - деді ҚР Үкімет басшысы депутаттарға қарата айтқан сөзінде.
Жалпы отырыс барысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жыл басынан бастап экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалғанын атап өтті. 9 айда Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,3 пайызды құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі кем дегенде 3,4 пайыз деңгейінде күтілуде.
«Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2018 жылы 3,1 деңгейінде, кейіннен 2022 жылы 4,2 пайызға дейін болжанып отыр. ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны алдағы бес жылдық кезеңде 3,7 пайызды құрайды», - деді Сүлейменов.
Оның сөзіне қарағанда, жан басына шаққандағы ЖІӨ 2018 жылы 9 мың АҚШ доларын құрап, 2022 жылы 11,7 мың АҚШ долларына дейін өседі.
Сонымен қатар ҚР Қаржы министрі Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі екенін атап өтті.
«Ол 2018 жылы 44,6 пайыздан 2020 жылы 47,4 пайызға дейін өседі. Ақшалай мәнде осы салаға арналған шығыстар 13,4 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылға - 4,1 трлн теңге. Осы блоктың шығыстарының ең ірі көлемі әлеуметтік қамтамасыз ету және еліміздің азаматтарына әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады», - деді Сұлтанов.
Денсаулық сақтау жүйесіне 2018-2020 жылдарға арналған шығыстар 3,3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылы - 1 трлн 70 млрд теңге қарастырылған.Олардың өсуі негізінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға сапалы өту мақсатында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің күшеюіне байланысты.
Ал білім және ғылым жүйесін дамытуға 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасында 1,1 трлн теңге көзделген, соның ішінде 2018 жылға 341 млрд теңге ескерілген.