Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үш жылжымалы медициналық кешен 29 мыңға жуық тұрғынды тексеруден өткізді - БҚО

ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында алыс елді мекен тұрғындары үшін білікті медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету және көліктік медицинаны одан әрі жетілдіру мақсатында үш жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) іске қосылған.

 Үш жылжымалы медициналық кешен 29 мыңға жуық тұрғынды тексеруден өткізді - БҚО

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, аталмыш үш кешен жасақталғалы бері облыстың 187 елді мекеніне шығып, 28 787 тұрғынды тексеруді жүзеге асырды. Тексеру нәтижесінде 14183 науқас анықталды, олардың ішінде «Д» есепте тұрғандар саны - 6082, сауықтырылғаны - 10975 (82,8%), 22 682 адамға диагностикалық қызмет (78,9%) көрсетілді. Тұрғындардың салауатты өмір салты мен ауру-сырқаудың алдын алу бойынша ақпарат алуын арттыру мақсатында 24 241 дәріс өткізіліп, оған тұрғындардың 84%-ы қамтылды.

Ауыл тұрғындарына жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін бес реанимобиль (Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі аудандарында, қалалық жедел жәрдем), телемедицина және санитарлық авиация жұмыс жасайды. 2012 жылы 266 шақыртуға қызмет көрсетілді. Олардың ішінде авиакөлікпен тасымалдау - 56 (21%), ота жасау - 45 (16,9%), облыстық клиникаларға тасымалдау - 221 (83%).

Ауылда телемедициналық инфрақұрылымның қалыптасуы медициналық қызметтердің аса жоғары сапасын қамтамасыз ету қажеттілігін жыл сайын дәлелдеп отыр. Мысалы, жыл ішінде 1297 (2011 жылы - 1005) телемедициналық кеңес беру өткізілді. Батыс Қазақстан облысы телемедицинаны пайдаланудың көлемі мен ауқымын саралау нәтижесінде республика бойынша үшінші орында тұр.