Ұшақ апаты: жансақтау бөлімінде жатқан дәрігер палатаға ауыстырылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұшақ апатынан жарақат алған әйел алдағы бір-екі күнде жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылады. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұшақ апаты: жансақтау бөлімінде жатқан дәрігер палатаға ауыстырылады

Әуе апатынан зардап шеккендердің ішінде жансақтау бөлімінде бір адам жатыр. Ол - Нұр-Сұлтан қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында.

«Жансақтау бөлімінде жатқан әйелдің жағдайы тұрақты. Ол біздің әріптесіміз, дәрігер. Оның иық сүйегі бірнеше жерден сынған. Сондықтан оған екі рет операция жасалды. Қазір оның жағдайы алаңдаушылық туғызбайды», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын. 12 адам қаза тапты.

Кейін Алматы әуежайы «Bek Air» ұшағының құлау уақытының хронологиясын жариялады.