Ұшақ, планшет, компьютер: құрдымға кеткен жобалар арасында «тірілгені» бар ма

АСТАНА. KAZINFORM – Әр жылдары еліміздің түпкір-түпкірінде бірнеше миллиондаған қаражатқа көптеген зауыт салынып, тіпті олардың ашылу рәсімі де сән-салтанатпен өткізілген-ді. Алайда, басым көпшілігі ашыла сала жабылып, жұртшылықтың жадында сонысымен ғана қалды. Агенттік тілшісі сол жобаларды шолып шыққан еді. 

зауыт тоқтап қалды
Коллаж: Kazinform/Freepik

Жұртшылықты елең еткізгенімен, жарты жолда құрдымға кеткен ең шулы жобалардың бірі Қарағандыдағы ұшақ құрастыратын «ҚазАвиаСпектр» зауыты болғаны сөзсіз. Кәсіпорын 2011 жылдың қарашасында ресми түрде ашылған болатын. Жобаның серіктесі Қазан қаласында тіркелген – «Фирма МВЕН» ААҚ. Жалпы құны 2 млрд теңгеден асып түсетін зауыт Индустрияландыру картасына енсе, басшылығы жыл сайын 36 ұшақ құрастыруға уәде берген еді.

самолет Фермер
Фото: time.kz

«ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ кәсіпорынға жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен 846 млн теңге несие берді. Алайда, шағын әуе кемесін жасайтын зауыт салынғанымен, бірде-бір ұшақ құрастырған жоқ. Өндіріс мерзімі де сан мәрте кейінге шегерілді. Оны ресейлік серіктес тарапынан міндеттемелердің бұзылуы, техникалық кемшіліктер, сызбадағы қателіктер деп түсіндіруге тырысты. Ал кәсіпорын басшылығының мәліметінше, «Фермер» ауыл шаруашылығы ұшақтарын дайындау технологиясын сатып алуға 1,7 млн доллар жұмсалған.

завод Казавиаспектр в Караганде
Фото: Kazinform

Сәл кейінірек, 2016 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында шағын әуе кемесін құрастыру зауытын сатып алушы табылғаны туралы ақпарат жылт етті. Мұны облыс әкімдігі де растап, ендігі уақытта кәсіпорын жекеменшікке өткендігін атап өтті. Дегенмен, зауыт әлі қаңырап бос тұр. Жаңа иесінің де оның қайтадан жаңғыртуға қатысты еш жоспары жоқ сияқты.

Мусороперерабатывающий завод в Шымкенте
Фото: видеодан алынған скрин/otyrar.kz

Зор үміт күттірген тағы бір жоба – Шымкенттегі тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты. Бұл жобаға шамамен 1 млрд теңге қаржы құйылған. «Технология 21» ЖШС кәсіпорнының құрылысы 2011 жылы басталып, арада үш жыл өткеннен кейін пайдалануға берілді. Бірақ, ашылғаннан кейін бірнеше ай өткен соң кәсіпорын басшылығы зауыттың жұмыс істей алмайтындығын мәлімдеді. Осылайша аппаратына тиелген тұрмыстық қалдыққа қақалған кәсіпорын жұмысын мүлдем тоқтатты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өндіріс ошағының нақты бенефициары кім екендігі әлі күнге беймәлім.

Сәл кейінірек сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Бейбіт Атамқұлов аталған зауытты толық қайта өңдеу циклі бар кәсіпорын ретінде кеңейту жоспарланғанын мәлімдеді. Зауыт алдағы уақытта Гонконг пен Сингапурдағыдай тұрмыстық қатты қалдықты электр энергиясына айналдыруды тиіс-тін. Бұл жоспар да сөз жүзінде қалып қойды. Айтақшы, құны млрд теңгеге пара-пар зауыттың қожайыны белгісіз.

Мусороперерабатывающий завод в Шымкенте
Фото: видеодан алынған скрин/otyrar.kz

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 2017 жылдың күзінде тұрмыстық қатты қалдықтар зауытын «МПЗ «Green Line» ЖШС жөндеуден өткізген. Бірақ, зауыт бүгін де жұмыс істемейді және күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Жергілікті атқарушы органның атап өтуінше, зауыттың өндіріс қуаты жылына 43,2 млн тонна қалдықты сұрыптауға жеткілікті. Ал қалада жыл сайын 230-240 мың тонна қалдық жиналады, яғни бұл зауыт жұмыс істегеннің күннің өзінде қажеттілікті толықтай қамтамасыз етуге қауқарсыз.

производство казахстанских планшетов под названием “Акку”
Фото: aktau-news.kz

2011 жылы Ақтауда «Аққу» деген атаумен қазақстандық планшеттер өндірісін іске қосу жоспарланған болатын. Жобаны жүзеге асыруға 800 млн теңге инвестиция салынды. Өндіріс ошағы жылына 67 мың планшет, 40 мың теледидар және 43 мың монитор шығарады деп күтілді. Алайда, олардың бірде-бірі сатылымға түсіп үлгерген жоқ. Ал зауыттың өзі шығыны мол деп танылды. Мемлекетке келген шығын 200 млн теңгеге жетті.

Айта кетерлігі, кәсіпорын қаржы полициясы «CaspiyElectronics» басшылығы тарапынан алаяқтық әрекеттерді анықтағаннан кейін жұмысын тоқтатқан болатын. Зауыт қытайлық жабдықтарды сатып алып, отандық өнім ретінде ұсынған.

Кейін, 2019 жылы кәсіпорын ғимараты WestEcoPlast компаниясына соңынан сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Бүгінде ол жерде жұмсақ қаптамалар шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Бұл ақпаратты Маңғыстау облысының әкімдігі де растап отыр.

завод Акку
Фото: WestEcoPlast

2008 жылы Tecata маркалы компьютер құрастыру зауытының құрылысы басталды. Алайда, өндіріс ошағы іске қосылып та үлгермеді. Компьютерлер мектептер мен тұрмысы төмен тұрғындарға арналуы тиіс еді. Сол уақытта 1 компьютердің бағасы 350 доллардан аспайтындығы айтылып, жылына 100 мың данасын құрастыру жоспарланды. Жоба инвесторы отандық Glotur Technology Fund венчурлық компаниясы болатын. Кәсіпорын құны 450 млн долларға бағаланды.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, толықтай қаржыландырылмауына және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасыз орындалуына байланысты жобаны жүзеге асыру 2009 жылы тоқтатылған. 2022 жылы «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА басқарушы компаниясының жәрдемімен нысан жеке инвесторға берілді. Бүгінде ол халықаралық компания өкілдерімен деректерді өңдеу орталығы құрылысын салу үшін келіссөз жүргізіп жатыр.

Ферма ЗКО по молоку
Фото: Kazinform

2010 жылы Батыс Қазақстан облысының Щапово елді мекенінде құны 400 млн теңге болатын ешкі өсіретін, ешкі сүтін өңдейтін «Бисекеш» жобасын жүзеге асыру басталды. Бірақ, жобаны жүзеге асыру үнемі кейінге шегеріліп келді. Сол уақытта оның себебі ретінде қаржы айналымы мен кепілдік қамтамасыз етудің жетіспеушілігі айтылған еді.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, ферма 2018 жылы іске қосылған. Бүгінде өндіріс ошағы тек 27 пайыздық қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Шаруашылықта 112 заанен тұқымы, оның ішінде 100 ешкі мен 12 текесі бар.

Әкімдіктің атап өтуінше, сауын маусымында сүттің бәрі өңделмей жергілікті базарда сатылады. Ал сүтті өңдейтін зауыт сауылатын сүттің жеткіліксіз болуына байланысты жұмыс істемей тұр.

Өндірісті толыққанды іске қосу және сүтті өңдеу үшін ешкі санын кемінде 300-ге жеткізу, ешкілерді бағу үшін жаңа қора-жай салу және ешкі сауатын заманауи жабдықтар сатып алу қажет.

Завод по переработке кож ЗКО
Фото: Kazinform

2017 жылы Батыс Қазақстан облысында тері өңдейтін суперзаманауи зауыт ашылды. Кәсіпорын жылына ірі қара малдың 182 мың, ұсақ малдың 624 мың терісін өңдеуге қауқарлы болуы тиіс еді. Жобаға 2,2 млрд теңге инвестиция құйылған.

Өткен жылы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан дәл осы зауыттың жұмыс істемейтіндігін, айналым қаражаты нөл екендігін, экспорты жоқтығын мәлімдеді.

Облыс әкімдігінің ақпаратына қарағанда, зауыт жұмысында тұрақсыздық болған. Белгілі бір кезеңде шикізат сатып алуда қиындықтар туындап, өнім сапасына қатысты проблема болған. Дәл осы жайт жобаны толыққанды іске асыруды қиындатқан. Кәсіпорын бүгінде өндірілген өнімге тапсырыстың жеткіліксіздігі салдарынан жұмысын тоқтатып тұр.

«Екінші тынысы» ашылған жобалар

2006 жылы еліміздің солтүстігінде «30 серпінді жоба» бағдарламасы аясында іске қосылған құны 90 млн долларға жуықтайтын BIOHIM биоэтанол зауыты ТМД-дағы ең ірі өндіріс ошағына айналуы тиіс болатын.

завод по производству биоэтанола BIOHIM
Фото: СҚО әкімдігі

Бірақ, зауыт жұмысы бастала салысымен өнімді сатуда проблемалар туындады. Мұндай жайт биоэтанолды экспорттау барысындағы жоғары акцизбен, көршілес елдермен арнаулы уағдаластықтың жоқтығымен және әлемдік экономикадағы дағдарыспен түсіндірілді. Нәтижесінде «Биохим» АҚ салық пен жалақы берешегі бойынша борышкерлер тізіміне тап болды.

Завод ТОО Биохим Тайынша
Фото: СҚО әкімдігі

Осылайша, кәсіпорын жаңа инвестор табылғанға дейін 8 жыл бойы қаңырап бос тұрды. 2016 жылы зауыт Bio Operations компаниясының балансына беріліп, тек 2018 жылы ғана өндіріс ошағы жұмысын жандандырды. Инвестицияның жалпы сомасы - 11 млрд теңге. Айта кетерлігі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, кәсіпорын бүгінде табысты жұмыс істеп тұр.

стекольный завод в Кызылординской области
Фото: kapital.kz

Даулы жобалар қатарына Қызылорда облысындағы шыны зауытын жатқызуға болады. Бұл нысанның құрылысы 7 жылдан астам уақытқа созылды. Тәулігіне 600 тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорынның құны – шамамен 150 млн доллар.

Бастапқыда зауыт 2017 жылы іске қосылуы тиіс еді. Алайда, Қуандық Бишімбаев тұтқындалуына байланысты құрылыс жұмыстары тоқырап қалды. Сол кезде Бишімбаев аталған зауыт құрылысы барысында «Шымкентхиммонтаж» ЖШС-ден қамқорлығы үшін 2 млн доллар пара алғаны үшін сотталды.

завод в Кызылорде
Фото: Kazinform

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың қазанында зауыт іске қосылды. Бүгінде шыны зауытының өнімдері ішкі нарықта ғана сұранысқа ие емес. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды ТМД-ның өзге де елдеріне экспортталады.

Жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын бұған дейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтқан болатын

Соңғы жаңалықтар