«Үшарал — Достық» автожолындағы қардан қорғайтын қоршаулар қирап қалған

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы әлеуметтік желілерде тараған «Үшарал — Достық» автожолындағы қардан қорғайтын қоршаулардың қирағаны туралы ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.

Автожолды қардан қорғайтын қоршаулар
Фото: Orda.kz

Компания мәліметінше, қардан қорғайтын қоршаулар республикалық маңызы бар «Үшарал — Достық» автожолының 111–114 шақырымында орнатылған. Құрылыс жұмыстарын «Каздорпроект» ЖШС жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес мердігер ұйым «АБК-Автодор НС» ЖШС атқарды. Орнатылған қоршаудың жалпы ұзындығы — 3300 метр, екі қатар, нормативтік талаптарға сай. Аталған нысан 2023 жылғы 2 қазанда пайдалануға берілді.

— Алайда сол жылдың 15 қарашасында жылдамдығы секундына 34 метрге жеткен дауылды жел салдарынан қоршаудың бір бөлігі бүлініп қалды. Бұл жағдай тиісті тексеру актілерімен, «Қазгидромет» РМК ресми қорытындысымен және Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының зертханалық сараптамасымен расталды. Аталған автожол учаскесі мердігер ұйымның кепілдік қызмет мерзіміне кіреді. «АБК-Автодор НС» ЖШС-не ресми талаптар жолданып, бүгінгі күні кепілдік міндеттемелер аясында анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар қолданылып жатыр, — делінген хабарламада.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ барлық анықталған ақау мердігер ұйымның өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты екенін және ұлттық компанияның қызметіне қатысы жоқ екенін атап өтті. Ұлттық компания кепілдік міндеттемелердің орындалуына тұрақты бақылау жүргізіп, «Үшарал — Достық» автожолының осы учаскесінде қардан қорғайтын қоршаулардың толық қалпына келтірілуін қамтамасыз етпек.

Осыған дейін Қазақстанда ақылы автожолдарды тегін пайдаланатын көлік санаттары белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар