Үшеуі апатты жағдайда: Алматы облысындағы көлік жүретін көпірлердің жай-күйі қалай
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында 400-ге жуық көлік жүретін көпір бар.
Бірақ олардың барлығы жақсы жағдайда деуге келмейді. Шілде айдың басында Еңбекшіқазақ ауданында Үлкен Алматы каналы бойындағы көпірді су шайып кетті.
Ол кезде облыс әкімдігі көпірдің төтенше жағдайға дейін апатты деп танылғанын мәлімдеген болатын. Осы орайда, агенттік өңірдегі барлық көлік көпірлерінің жай-күйін білу үшін жауапты ведомствоға сауал жолдады.
Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жауабына сәйкес, облыс бойынша автомобиль жолдарында орналасқан 392 көпір бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар — 152 көпір, облыстық маңызы бар — 132 көпір, аудандық маңызы бар — 108 көпір.
Аудан бойынша: Алатау қаласы — 16, Қонаев қаласы — 8, Кеген ауданы — 21, Қарасай ауданы — 36, Талғар ауданы — 27, Ұйғыр ауданы — 13, Іле ауданы — 81, Балқаш ауданы — 15, Райымбек ауданы — 29, Жамбыл ауданы — 27, Еңбекшіқазақ ауданы — 122 көпір бар.
Олардың ішінде үшеуі апатты жағдайда деп танылған. Екеуі Еңбекшіқазақ ауданында, біреуі Қарасай ауданында орналасқан. Ведомство 2025 жылы апатты деп танылған Қарасайдағы көпір қазір күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілгенін мәлімдеді. Ал қалған екеуінде жаңғырту жұмыстары басталған.
— Еңбекшіқазақ ауданындағы 2 көпір 2024 жылы апатты деп саналған. Қазіргі таңда атлған көпірлер бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады басқармадан.
Одан бөлек облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау аясында 6 мердігер ұйым қызмет көрсетіп жатқаны атап өтілді.
Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Алмаз Нақыпбаевтың айтуынша, көлік көпірлерінің жағдайы тұрақты түрде тексеріліп келеді. Ал олардың жарамдылығы арнайы визуалды және аспаптық тексерулер арқылы анықталады. Тексеру нәтижесіне сәйкес, көпір құрылымдарын күшейту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі.
— Алдағы уақытта көпірлердің отырылуының алдын алу мақсатында тіреуіштерді нығайту, су бұру жүйелерін реттеу және конструктивті элементтерді күшейту сияқты алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді, — деді ол.
Еске салайық, Атыраудағы алты көпірдің техникалық жағдайы зерттеледі.