US Open: Заңғар Нұрланұлы сенсация жасап, үшінші айналымға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатында екінші жеңісіне қол жеткізді.

ITF Juniors рейтингісінде 54-орында тұрған Заңғар екінші айналымда әлемнің жасөспірімдер арасында 13-ракеткасы, Польша өкілі, 18 жастағы Алан Важнымен кездесті.
Алан Важны сонымен қатар ересектер арасында ATP рейтингісінде 1750-сатыда тұр.
Соған қарамастан, Заңғар азулы қарсыласын 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Тартысты бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Заңғар Нұрланұлы ширек финалға шығу үшін ITF Juniors рейтингісінде 8-орында тұрған финляндиялық Оскари Полданиуспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның бір күнде екі матчты жеңіспен түйіндегенін жазған едік.
Сондай-ақ теннистен Дэвис кубогында Кореямен матчта Қазақстан намысын кімдер қорғайтыны хабарланды.
Дмитрий Попко Италиядағы турнирде жергілікті теннисшіні ұтты.