«Ұстаудың орнына босатып жіберді» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 ақпан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында еліміздегі білім саласының 2015 жылғы жұмыс қорытындысы және ағымдағы жылда атқарылатын міндеттер, халықаралық рейтингте отандық білім беру жүйесінің көрсеткіштері туралы кеңінен айтылды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Білім берудегі басым бағыттар» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бір жыл ішінде білім және ғылым саласының күрделі мәселелері бойынша көптеген жұмыстар атқарылғандығын көлденең тартты. Жалпы алғанда, 2015 жыл осы сала үшін сәтті болғандығын атап өткен министр, Елбасының тапсырмасына сәйкес, білім саласының басты құжаты болып табылатын мемлекеттік бағдарламалардың жаңа жобасын күнделікті талқылап, білімнің деңгейлері бойынша нақты жолдар қарастырылып жатқандығын жеткізді. Өз кезегінде Д.Назарбаева білім жүйесінде алдағы 2-3 жылда шешілуге міндетті мәселелердің бірі үш тілділікті қолға алу екендігін баса айтқан.
«Қай қазақтың болмасын баласының ағылшын тілінде жетік сөйлеп, олардың шетелден білім алуын қалайтыны рас. Еліміздің әр азаматы мемлекеттік тіл - қазақ тілін, орыс және ағылшын тілін жетік меңгеруге міндетті. Осы мәселеде білім ошақтарының әр жетекшісінен бастап, елдің әр азаматына дейін үш тілді білуін қолға алу қажет. Және де бұл алғашқы кезеңдерде яғни осы уақыттарда үш тілді білу қажет болса, болашақта одан да көп тілді меңгеруге сұраныс болуы ғажап емес. Мысалы, асқан жылдамдықпен дамып отырған көршіміз Қытай елінің тілін меңгеру қажет болуы мүмкін. Себебі, бұл мемлекет біздің елдің экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.
«Адам баласының аңқаулығында, сенгіштігінде шек жоқ қой. Бір алаяққа екі-үш адам, мейлі бесеу болсын, әрі кеткенде он адам алдануы мүмкін деп ойлаймыз. Әйтсе де, кей алаяқтардың адамды арбау шеберлігінде де шек жоқ екен. Жамбыл облысында шағын несие беретін ұйымның бір қызметкері 110 адамның атынан несие құжаттарын рәсімдеп, аяғында 50 млн. теңгеден астам қаржыларын жымқырып кеткен. Әр адам 350 мың мен 1,5 млн. теңге аралығындағы несие құжаттарына қол қойыпты. Осыншама жанды бір қызметкердің қалай алдап кетуі мүмкін?», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Жәбірленушілердің айтуына қарағанда, әлгі қызметкер несие алушыларды гипноз арқылы арбаған көрінеді. «Ол қызметкер үйіме екі күн қатарынан келіп, менің несие алып, өзіне беруін өтінді. Отбасылық мәселесін айтып жылап, өзім төлеймін, деді. Мен басында келіспедім. Сосын қалай арбағанын қайдам, құжаттарға қол қойдым. Енді қазір несиенің сомасын өзім төлеп жатырмын», деп күйінеді Гүлмира Қойшыбекова. Алаяқ қызметкер әр несие алушыға әртүрлі жағдай айтқан. Біресе баласының ауырып қалғанын, біресе отбасындағы қиын жағдайды, енді біреуімен қаржыны бөліспекші болыпты. Шағын мақала «Ұстаудың орнына босатып жіберді» деген тақырыппен берілген.
«Енді 5 жылдан кейін жасанды еттен қазақша ет асып, дәм татуымыз мүмкін», деп жазады «Экспресс К» газеті сенбілік санындағы «Бесбармак из ничего» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Mosa meat компаниясы пробиркада өсірілген еттің бағасы төмендеп, таяу аралықта бұл өнімнің құны кәдімгі қойдың етінен әлде қайта арзан болатынын айтты. Жасанды еттің дәмдік сапасы сиыр етінен бір кем емес. Осыдан екі жыл бұрын ғалымдар жасанды еттен ең алғаш гамбургер жасаған болатын. Оның құны 273 мың долларды құрады. Ал қазіргі уақытта «пробирка етінің» бір келісі 80 долларға дейін арзандады. Ал енді 5 жылдан кейін оның 1 келісінің бағасы 1 долларға да жетейтін болады.
Апалы-сіңілі Бектілеуовалар дағдарыстан қорықпайды. «Бибіхан» деп аталатын шағын мата дүкені мен ательенің қожайындары тіпті ең қиын кезеңде де әйелдер өздерінің қалаған көйлегін тігіп киеді деп санайды. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетінің сенбілік санында жарияланған «Женщины будут шить наряды даже в кризис» деген тақырыптағы мақалада айтылған. «Үш апалы-сіңлілі біздер осыдан біраз жыл бұрын институт бітірген едік. Менімен Әлия политехникалық институтты бітірдік, ал кішіміз Ұлбала Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген. Қайта құру кезінде жұмысымыз болмады. Содан кейін біздер қолымыздан келетін іспен айналыса бастадық. Бастапқыда тон тігіп, Ресейге саттық. Одан кейін пальто тігіп, Алматы барахолкасына шығардық», - деді Роза Бектілеуова.