Үстел теннисі, ауыр атлетика, дзюдо, шахмат – Қазақстан спортшыларының апта ішіндегі жетістігі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан апта Қазақстан спортшылары үшін жемісті болды. Спортшыларымыз бірқатар халықаралық байрақты бәсекеде жүлделі орындарға ие болып, еліміздің көк туын әуелетті. Апта ішіндегі спортшыларымыздың жетістігі жайлы ҚазАқпарат материалынан оқыңыздар.
None
Фото: olympic.kz

Соңғы уақытта үстел теннисінен еліміздің жарқын жұлдызына айналған Алан Құрманғалиев халықаралық сайыстарда ел намысын қорғап жүлделі орындардан көрініп жүр. Спортшымыз таяуда ғана Польшада өткен үстел теннисінен қола медаль жеңіп алды. 17 жасқа дейін жас санатында жарыс жолына шыққан ол Гонконг, Перу, Финляндия, Қытай, Өзбекстан, Жапония спортшыларынан басым түсіп, тек тайбэйлік Чан Ю-Анға ғана есе жіберді. Бүгінді Аланның қоржынында халықаралық жарыстардан жеңіп алған 23, оның ішінде 10 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль бар. Естеріңізде болса, осыдан бір айда настам уақыт бұрын Алан Португалияның Вила-Реал қаласында өткен үстел теннисінен WTT Youth Contender турнирінде жеңімпаз атанған еді.

Айта кетерлігі, 11-15 сәуір күндері Черногорияның Подгорица қаласында өтетін WTT Youth Star Contender турниріне де Қазақстан теннисшілері қатысады. Айтулы додада қарағандылық Алан Құрманғалиев (Қарағанды, әлемдік рейтингте №11, 19 жас) және Сарвиноз Миркадирова (Шымкент, №30) өнер көрсетеді. Оларға жас ерекшеліктеріне қарай мына спортшылар қарсылас атанбақшы: Као Ченг-Джуй (Тайбэй, №3), Эдуард Ионеску (Румыния, №4), Хьюго Дешам (Франция, №6), О Джун Сун (Корея, №7), Чан Ю-Ан (Тайбэй, №8), қыздар Ли Дэун (Корея, №5), Павад Притика (Франция, №7), Аннетт Кауфманн (Германия, №8), Чен Пусуань (Тайбэй, №9), Цинь Юйсюань (Қытай, №11).

Албанияда өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары сәтті өнер көрсетіп, 7 алтын медаль жеңіп алды. Олардың ішінде Никита Абдрахманов, Нұрдос Сабыр Ерасыл Сәулебеков чемпион атанса, Таисия Алексеева күміс жүлдегер атанды. Жалпы, ел спортшылары жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 7 «алтын», 5 «күміс», 2 «қола» жеңіп алып, жалпы медаль саны бойынша 1-орынға шықты. Ал сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлдар құрамасы командалық есепте 3-орын иеленсе, қыздар 5-орынға тұрақтады. Тоқтала кетейік, ауыр атлетикадан əлем чемпионатында жүлде əр бағдарлама бойынша беріледі. Атап айтқанда, спортшыға жұлқа, серпе көтеру және жалпы есеп бойынша 3 медаль ұсынылады.

Осы аптада тек қазақстандықтар ғана емес, әлем жұртшылығы көз тіккен ірі спорттық іс-шараның бірі Үндістанда өткен ФИДЕ гран-приінің үшінші кезеңі болды. Осы сайыстаа ел намысын қорғаған шахматшы Бибісара Асаубаева 2-орын алды. Бибісара шешуші - 11-турда Катерина Лагномен тең түсіп, 6 ұпай жинады.

Айта кетерлігі қытайлық Чжу Цзинер мен ресейлік Александра Горячкина да тең ойнап, 6 ұпай еншілеген еді. Осылайша, үш шахматшы балл саны бойынша тең түсті. Бұл ретте Бибісара Асаубаева жекелеген көрсеткіш бойынша 2-орын алса, ресейлік гроссмейстер Александра Горячкина тай-брейкте жеңіске жетті. Бірдей ұпай жинаған 3 ойыншы 37 мың еуро сыйақы мен 400 ұпайды бірдей бөліседі.

Гран-придің шешуші - 4-кезеңі Кипр астанасы Никосияда 15-28 мамыр күндері өтеді. Отандасымыз Бибісара Асаубаева осы кезеңге шақырту алған 12 шахматшының қатарында.

Естеріңізге сала кетсек, Астана қаласында ФИДЕ-нің 2023 жылғы әлем чемпионаты аясында әйелдер арасындағы Қазақстан мен әлем құрамалары кездесуі өтеді. Қазақстан мен әлем құрамалары 17-18 сәуірде рапид, 19 сәуірде блицтен шеберлік байқасады. Әрбір құрама 8 ойыншыдан тіркейді. Оның ішінде 4-і 20, 18, 16 және 14 жасқа дейінгі санатқа дейінгі шахматшы болуы керек. Олар өз жас санаты бойынша бір-бірімен ойнайды. Бұл байрақты бәсекеде ел намысын Жансая Әбдумәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Зарина Нұрғалиева қорғайды.

Орта салмақта жеңіліп көрмеген қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы ең белсенді әлем чемпионтары рейтингіне енді. WBO белбеуіне иегер «қазақ стилі» өз атағын орташа есеппен 219 күнде бір қорғау арқылы рейтингтің 4-сатысына жайғасты. Қазіргі уақытта WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (13-0, 8 КО) келесі жекпе-жегі өтетін күн мен қарсыласы белгілі. Бұл туралы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Ресми! Бұйыртса, жекпе-жек 13 мамырда өтеді. Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпиондық титулын екінші рет қорғайды. Қарсыласы канадалық Стивен Батлер. Жасы 27-де. Рекорды: 32 жеңіс, 3 жеңіліс. WBO рейтингінде 6 орындағы қарсылас. Тартысты кездесу күтіп тұр! Qazaq style-ға сәттілік! Жеңісті күнде жүздесейік!», - деп жазған еді ол.

Еске сала кетейік, Жәнібек ең соңғы жекпе-жегін былтыр қарашада Лас-Вегаста өткізіп, төрешілердің шешімімен британдық боксшы Дензел Бентлиден басым түсті. Сол арқылы WBO белбеуін қорғап қалды.

Таяуда Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) барлық салмақтағы боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Олардың қатарында алғашқы 15 орынға іліккен қазақстандық былғары қолғап шеберлері бар. Аса ауыр салмақтағы Жан Кособуцкий 8-орнын сақтап қалса, екінші орта салмақтағы Али Ахмедов төртінші орыннан үшіншіге көтерілді. Ал Геннадий Головкин рейтингіде орта салмақта 1-орында тұрса, Мейірім Нұрсұлтанов бесінші орыннан төртіншіге жайғасты. Сондай-ақ жартылай орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Сергей Липинец төртінші орыннан бесіншіге төмендеді.

7 сәуір күні Дүниежүзілік денсаулық күні мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 75 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, елорданың Ботаникалық бағында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сарсен Құранбек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі және Қазақстандағы ДДҰ елдік офисінің басшысы Скендер Сыла қатысқан «СӨЗДЕН ІСКЕ/ WALK THE TALK/ОТ СЛОВА К ДЕЛУ» ұранымен қысқа қашықтыққа жүгіру акциясы өтті. Іс-шараны ашқан ҚР ДСМ басшысы Дүниежүзілік денсаулық күні адамдардың назарын денсаулықты нығайтуға, әлемдегі қауіпсіздікті қолдауға және азаматтардың денсаулық пен әл-ауқатты қорғауға құқықтарын сақтауға аударуға бағытталғанын айтты.

Бүгінде төрткүл дүниедегі шахмат жанкүйерлерінің назары Қазақстанға ауып тұр. Бұл күндері елордамызда Шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионат барысында ғалымшардағы ең атақты шахматшылар Ян Непомнящий мен дин Лижэнь чемпион атағын сарапқа салады.

Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичтың пайымынша, Қазақстан шахматтың даму орталығына айналды.

«Ең алдымен неліктен Қазақстан әлем біріншілігін өткізу орны ретінде таңдалғанына тоқталғаным жөн болар. Біз соңғы уақытта Қазақстан шахматтың даму орталығына айналғанын көріп отырмыз. Қазақстанда қыздар шахматы қазірдің өзінде өте жақсы дамыған. Ерлер шахматы да осы сайыстан кейін ынталанған жас шахматшылардың артуы есебінен жақсара түседі деп ойлаймын», - деді Аркадий Дворкович Астанада Шахматтан әлем чемпионатының ресми ашылу рәсімінде.

Сонымен қатар ол Қазақстанда шахматтан қыздар арасындағы гран-при, командалық әлем чемпионаты сынды ірі жарыстардың өткеніне назар аударды.

«Қазақстанның Қытай мен Ресей арасында орналасуы да осы сайысты өткізу орны ретінде өзге елде емес, дәл сіздердің мемлекеттеріңізде таңдауға түрткі болған себептердің бірі саналады», - деді ол.

Алматыда Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан Азия кубогі өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде еліміздің жасөспірімдер құрамасы 9 алтын, 6 күміс және 12 қола жүлдемен медальдар кестесінде көш бастады. Ал Қазақстан жастар құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 7 қоламен жалпыкомандалық есепте 2-орынға жайғасты. Азия кубогы бүгін өз мәресіне жетеді.


Соңғы жаңалықтар