01:33, 26 Тамыз 2014 | GMT +5
Үстінен суық су құю флеш-мобына қатысқан жігіт ажал құшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шотландияда ALS Ice Bucket Challenge флеш-мобында үстінен мұздай суық су құйған жігіт карьердегі жардан құлап кетіп көз жұмды, деп хабарлайды Daily Mail.

Жастың өліміне нақты не себеп болғанын әзірге сарапшылар анықтай алмай отыр. 18 жастағы бозбала бұл жерге карьерден 20 шақырым қашықтықтағы Бернтайленд қаласынан келген. Құтқарушылар оның денесін тек бірнеше сағаттан соң ғана тапқан. Айта кетейік, ALS Ice Bucket Challenge флеш-мобын бүйірлік амиотрофиктік склерозбен күрес жөніндегі қайырымдылық қоры ұйымдастырған. Акция мақсаты - мидың қозғалу орталықтарын зақымдап, адамды сал ететін аталмыш ауруға қоғам назарын аударту. Осыған дейін флеш-мобқа атақты футболшылар Криштиану Роналду, Неймар, Лионель Месси, әнші Джастин Тимберлэйк, актерлер Вин Дизель, Бенедикт Камбербэтч, Toyota корпорациясының басшысы Тойода қатысқан.