«Үстірттегі отарлы мал шаруашылығы» жобасы жалғасын табады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында «Үстірттегі отарлы мал шаруашылығы» пилотты жобасы жалғасын табатын болады. Бұл жайында «Қарағантүбек» ЖШС директоры Бүркітбай Қонақбаев мәлімдеді.
None
None

Аталған жобаны жүзеге асыруға «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ қаржылай қолдау көрсетпек.

«Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен біз биыл Үстіртте отарлы мал шаруашылығын ұйымдастыру бойынша пилотты жобаны жүзеге асыруды қолға алудамыз. Осы мақсатта корпорация 17 миллион теңге қаражат бөліп отыр. Бұл ақшаға Үстіртте жайлау кешені салынып, ол материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталды. Сонымен қатар, киіз үйлер, автокөліктер, су сорғылары, күн көзінен қуат алатын батареялар да сатып алынды. Маңғыстау облысы әкімдігі болса осы жайлау орналасатын жерді бөліп берді, оның аумағы - 20 мың гектар», - деді Бүркітбай Қонақбаев тілшілермен болған мәжілісте.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат - осы маңдағы өзге де жайылым жерлерді қыста да сақтап қалу. Ол үшін жердің құнарлы бөлігі барынша жүзеге асырылып, Үстірттегі бұған дейін болған құдықтар қайта пайдалануға беріледі. Ал, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай туғызу қысы-жазы медициналық және мал дәрігерлік бригадалар осы жерде жұмыс істейтін болады.

«Қазіргі таңда Маңғыстау ауданындағы «Ердалы» деген жерде 1 177 бас, яғни 2 отар қаракөл тұқымды қойы өсіріліп жатыр. Осы жылдың маусым айынан бүгінгі күнге дейін әр қойдың салмағы шамамен 10-15 келіге артты. Сонымен қатар, Түпқарағай ауданындағы «Нұрқабай» жайылымында жылқылар, «Қызылсырға» жайылымында түйелер өсірілуде. Отарлы мал шаруашылығының тиімділігі көзге анық көрініп тұр. Санмен сөйлесек, мәселен, 2015 жылы біз «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-на 12 миллион теңгеге 8 тонна қой етін өткіздік. Отарлы мал шаруашылығының арқасында біз қыстаудағы шөп пен су қорын сақтап отырмыз», - дейді «Қарағантүбек» ЖШС директоры Бүркітбай Қонақбаев.

Осы қазан айының соңына қарай малшылар қой, жылқы және түйелерін алып, қыстауға қарай көшеді. Өйткені, қараша айымен бірге өңірге қыстың алғашқы ұшқыны келіп жетеді. Ал, келесі жылы «Қарағантүбек» шаруашылығының иелері «Үстірттегі отарлы мал шаруашылығы» жобасы аясында қосымша қаржыланырудың көмегімен тағы 3 мың бас қаракөл мен еділбай қойын, 3,5 мың бас адай жылқысын сатып алуды жоспарлап отыр. Малға берілетін шөп те осы Үстірттің өзінен алынады.

Соңғы жаңалықтар