Утильалымға 10 жыл: автоөндіріс мамандарының саны 4,8 есе өскен
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елде утильалым тетігі енгізілгеніне 10 жыл толады. Kazinform тілшісі ресми деректерге сүйеніп, осы кезеңде автоиндустрия саласындағы мамандардың саны қалай өскенін есептеп көрді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, «Автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндіру» саласында жұмыспен қамту айтарлықтай артқан. 2015 жылы салада 1 995 адам жұмыс істесе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 9 745 адамға жеткен. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы осы кезеңде 138 мың теңгеден 570 мың теңгеге дейін өсіп, шамамен 4 есе артқан. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы Қазақстанда 17 автомобиль бренді өндірілсе, 2025 жылы олардың саны 27-ге жеткен.
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда кузовты дәнекерлеу және бояу сияқты технологиялық операцияларды қолдана отырып, ұсақ тораптық әдіспен (CKD) 8 брендтің 12 жеңіл автомобиль моделі өндіріледі. 2015 жылы Қазақстанда аккумулятор батареялары тек «Кайнар-АКБ» ЖШС кәсіпорнында өндірілетін. 2025 жылы жеңіл автомобильдерге арналған келесі компоненттер өндірісі де жолға қойылды: автомобиль шиналары — «Tengri Tyres» ЖШС (Қарағанды облысы, Сарань қ.); автомобиль орындықтары — «Almaty Autoparts Production» ЖШС (Алматы қ.); мультимедиялық жүйелер — «Kazakhstan Mobility Engineering» ЖШС (Алматы қ.), — деп жазылған министрлік жауабында.
Бұған дейін Қазақстаннан Ресей мен Беларуське экспортталатын көліктің утильалымы өскенін жазған едік.