Утильалымға 10 жыл: бюджетке 1,31 трлн теңге түспей қалған

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елде утильалым тетігі енгізілгеніне 10 жыл толады. Kazinform тілшісі ресми деректерге сүйеніп, осы кезеңде утильалымға қанша ақша жиналып, қанша салық жеңілдігі көрсетілгенін есептеп көрді.

утиль
Фото: Midjourney

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2021-2024 жылдары отандық зауыттарда өндірілген көліктерді өткізу кезінде қосылған құн салығынан босату және импортталатын жинақтаушы бөлшектер бойынша қосылған құн салығының жеңілдіктері арқылы бюджетке 1,31 трлн теңге түспей қалған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін «Оператор РОП» ЖШС-нің орнына «Жасыл даму» АҚ келді. Сол кезде алдыңғы оператор утимльалым арқылы 691 млрд теңгеден астам қаражат жинағаны, оның жартысына жуығы ғана елдегі көлік құрастыратын зауыттарды қолдауға бағытталғаны белгілі болды. Осы шудан кейін жиналған қомақты ақшадан тағы 100 млрд теңге бөлініп, 4 пайыздық автонесие қайта жанданды.

«Жасыл даму» акционерлік қоғамының бізге берген дерегіне қарасақ, 2022-2025 жылдары утильалым есебінен жаңа оператордың шотына 1,13 трлн теңге түскен (2022 жылы — 177,7 млрд; 2023 жылы — 269,1 млрд; 2024 жылы — 306,2 млрд; 2025 жылы — 375,4 млрд теңге). Осы кезеңде қаражаттың 498 млрд теңгесі (шамамен 44%) отандық көлік пен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге бұрын төленген утильалымды қайтаруға бағытталған. Тағы 451,5 млрд теңге (шамамен 40%) «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыруға бөлінген. Ал қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жаратуға 2022-2025 жылдары 1,3 млрд теңге жұмсалған, бұл жалпы жиналған қаражаттың шамамен 0,11 пайызына тең. Сонымен қатар, оператор осы кезеңде республикалық бюджетке 73,5 млрд теңге дивиденд және 135,7 млрд теңге корпоративтік табыс салығын төлеген.

Бұған дейін Қазақстаннан Ресей мен Беларуське экспортталатын көліктің утильалымы өскенін жазған едік.