«Ұялы телефон ұстаған бала тиянақты білімге қол жеткізе ала ма?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 8 сәуір, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
Атырау - тек еліміздің ғана емес, сонымен бірге әлемдегі жетекші компаниялар мен инвесторлар назары ауған қазыналы өңір. Мұнда жеті қат жер астынан мұнай мен газ да өндіріліп, Ақ Жайық пен көгілдір Каспийдей су айдындарынан балықтың алуан түрлері сүзілген көп жылғы іс әлі де жалғасын тауып жатыр. Бұған қоса шағын және орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласының да көкжиегін кеңейтер жарқын жобалар іске қосылды. Осы және өзге де оңды істер жөнінде облыстың басқару тізгінін қолына алған жаңа әкім Нұрлан НОҒАЕВ тарқатып айтып берді, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті "Алға адымдаған Атырау" атты материалда.
"Тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттырып, оңтайландыруға да баса мән берілуде. Яғни, әлеуметтік көмек нағыз мұқтаждықты сезінген жандарға ғана көрсетіледі. Осыған байланысты өткен жылдың екінші жартысынан бері Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында «Өрлеу» қанатқақты жобасы қолға алынды. Бұл жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 6 миллион теңге қаралып, нәтижесінде құрамында 129 мүшесі бар 22 отбасы тартылды. Олардың ішінде еңбекке жарамды 24 адамның 16-сы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, біреуі әлеуметтік қызметпен, жетеуі ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылыпты. Олар қазір жан басына шаққанда 14 352 теңгеге дейінгі орташа табыс тауып отыр. Ал биыл аталған жоба өзге аудандарда да қолға алынуда. Қанатқақты жобаға 789 адамды құрайтын 141 аз қамтылған отбасыны қатыстыру жоспарланған. Жобаны қаржыландыруға 49,7 миллион теңге қаралыпты", - делінген аталмыш мақалада.
Жақында Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік саммиті аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамаға «Жарылыс» атты отандық суретшінің туындысын сыйға тартты. Осыған байланысты, "Айқын" басылымы қылқалам шеберіне хабарласып, атаулы оқиғаға қатысты әсерін білген.
- Нұрсұлтан Әбішұлының «Жарылыс» деп аталатын суретімді Барак Обамаға сыйлық ретінде таңдағанын естігенімде, ерекше әсерде болдым. Әлі де ядролық қауіптің қатерін құнттамай отырған елдерді Жер шарын қорғауға шақыратын саммитте жүрек түкпірімдегі айтар ойымды баршаға туындым жеткізгендей әсерде қалдым, - деп бастады сөзін Кәріпбек мырза. 1968 жылы Семей облысы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келіп, Семей ядролық сынағының салдарынан зардап шеккен суретшінің екі қолы жоқ. Бірақ бұл кемтарлығы оның сурет салу, ядролық сынақтың қатерін насихаттау және барша ғаламды жер шарын қорғауға шақыруда мүмкіндігін шектей алған жоқ. «Бұл жалғандағы басты мақсатым - мен сияқты кемтарлар ядролық сынақтың салдарынан зардап шеккендердің соңғы өкілі болу үшін аянбай қызмет ету. Бойымда қуат, ерік-жігерім барда, жүрегімнің соғысы тоқтап, тіршілігім таусылғанға дейін барша адамзатты жер шарын қорғауға шақырудан жалықпаймын» дейді антиядролық қозғалыс белсендісі. Толығырақ, "КәріпбекКҮЙІКОВ: ЕлбасыОбамағасуретсыйлағанда, ерекшеәсердеболдым" атты материалдан оқуға болады.
"Айқын" басылымында "Бейімбеттіңкейіпкерлерібар, өзіжоқ" атты мақала жарияланып отыр.
Онда материал авторы бүгінгі прозада Бейімбет Майлиндей тұлғалар неге жоқ? деген сауалдың айналасында ой толғайды.
Бейімбет Майлиннің өзінің замандастарынан ерекшелігі жазуды өлеңмен бастағанымен, прозаға көбірек ден қойып, алғашқы шығармасымен-ақ («Шұғаның белгісі») үлкен суреткер екенін қазақ дүниесіне паш еткен жазушы, дейді басылым.
"Күлдіріп отырып жылатып, жылатып отырып күлдіретін суреткер шығармаларын неге тілге тиек етіп отырмыз? Рас, Күлпәш, Мақтым, Талтаңбай, Мырқымбай - өмір шындығы ғой. Бүгінгі қоғамда да талай Мырқымбайлар өмір кешіп жатыр. Ендеше, неге тәуелсіз қазақ әдебиеті бүгінгі Мырқымбайлардың типтік образын әдебиетте жасай алмауының сыры неде? Бізді мазалайтыны да осы. «Бейімбет жоқ қой, демек оның кейіпкерлері де көрінбейтіні заңдылық. Егер ондай жазушы(лар) дәл қазір бар болса, оларды атап айту керек деп есептеймін. Сөйтсе де, «Мен Бейімбетпін, Чеховпын...» деп жүргендерді естіген құлақта жазық жоқ. Ал оларды да атап айтайын десең, Бейімбет пен Чеховтың атын да, шығармаларын да қорлаған сияқты боп қаласың. «Бүгінгі прозаға жазам десе тақырып жетеді, тек Бейімбет сияқты талантты жазушы туған жоқ» дейтін сөздерді естіп жүрміз, түгел болмаса да осының жаны бар сияқты. Демек, жоққа жүйрік жетпейді, жоқтың бәрі де жоқ: мысалы, жазушыларда өмірбаян жоқ, білім жоқ, шығармашылық таным жоқ, табиғатты тану жоқ, жинақтау жоқ, ішкі әлемге бойлау жоқ, ойлау жоқ, тек сөйлеу бар, ал тек құр сөзбен жазушы болуың мүмкін, бірақ Бейімбет-Талант бола алмайсың ғой", - деп жазады "Айқын".
Білім және ғылым министрлігі білім мекемелерінде смартфон қолдануға тыйым сала ма? Бұл мәселе ұстаз қауымын көптен бері мазалап жүр, деп жазады "Түркістан" басылымы.
"Уақытын білімнен гөрі, интернеттегі «қызықтарды» тамашалауға жұмсайтын ұрпақтың тәрбиесіне кім жауапты? Бүгінгі ата-ана мен ұстаздың көңілін күпті еткен жайт осы.
Демек, мемлекеттік шенеуніктерге смартфонды пайдалануға салынған тыйымды білім мекемелеріне де енгізу қажет. Осы мәселе бойынша тілші қауымы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаевадан сұрап көрген. Ол: «Ақпараттандыру жөнінде» ҚР Заңының 55-бабына сәйкес, электронды ақпарат ресурстары, ақпараттық жүйе мен ақпараттық-коммуникациялық құрылымдарды қорғау шарасына байланысты смартфондарды жұмыс барысында қолдануға салынған тыйым мемлекеттік қызметкерлерге ғана қатысты» деген болатын. Дұрыс делік. Бірақ министрлік ұялы телефонның білім сапасына қаншалықты кері әсерін тигізіп отырғанын білмей ме?", - делінеді "Ұялытелефонұстағанбалатиянақтыбілімгеқолжеткізеалама?" атты мақалада.
"Қазір кез келген оқушының қолында смартфон бар. Кейбір оқушылар сабақ үстінде де әлеуметтік желіге кіріп, көңілін басқа нәрсеге бұрып жатады. Мұны мұғалім білмейді емес, біледі. Бірақ соған қарамастан оқушының қолындағы смартфонды тартып алуға құқығы жоқ. Себебі қазіргі балалар қит етсе, бейнеге жазып, әп-сәтте ғаламтор «жұлдызы» етіп жіберуі ғажап емес", - деп жазады басылым.