Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үйде кондиционерді қосып ұйықтаудың зияны бар ма

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Жаздың аптап ыстығында кондиционердің талай адам үшін таптырмас көмекшіге айналғаны белгілі. Алайда ел арасында оның денсаулыққа әсері туралы түрлі пікір айтылады. Бірі кондиционер міндетті түрде суық тиюге себеп болады десе, енді бірі оны түнде қосып ұйықтаудың зияны шаш етектен дейді. Бұл қаншалықты рас? Kazinform тілшісі осы сұрақтардың жауабын біліп көрді. 

кондиционер
Фото: Миллий статистика қўмитаси

Бүгінде жаз мезгілінде кондиционерсіз өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Десе де кейбір жандар оның әсерінен міндетті түрде суық тиеді деп есептейді. Дәрігердің айтуынша, бұл кең таралған қате түсінік.

— Кондиционердің өзі суық тиюге себеп болмайды. Өйткені жіті респираторлық вирустық инфекциялар суық ауадан емес, вирустардан пайда болады. Дегенмен кондиционерді дұрыс пайдаланбау аурудың асқынуына әсер етуі мүмкін. Егер салқын ауа ағыны адамға тікелей бағытталса, тыныс жолдарының шырышты қабаты мен бұлшықеттері салқындайды. Соның салдарынан ағзаның қорғаныс қабілеті төмендеп, вирустардың енуіне немесе ағзада бұрыннан болатын шартты-патогенді микроорганизмдердің белсенуіне мүмкіндік туады, — дейді жалпы-тәжірибелік дәрігер Таңшолпан Талғатбекова.

Маман тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Кондиционердің сүзгілері уақтылы тазаланбаса, онда шаң, аллергендер мен бактериялар жиналады.

— Құрылғы жұмыс істеген кезде бұл бөлшектер ауаға тарап, аллергиялық реакцияларға, тыныс жолдарының шырышты қабатының тітіркенуіне немесе созылмалы тыныс алу ауруларының асқынуына себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты бөлме ішіндегі температураны 23-25 градус шамасында ұстап, сыртқы және ішкі ауа температурасының айырмашылығын 5-7 градустан асырмай, салқын ауа ағынын адамға тікелей бағыттамай және кондиционердің сүзгілерін тұрақты түрде тазалап отырған жөн, — дейді медицина қызметкері.

Көпшілікті толғандыратын тағы бір сұрақ — кондиционерді қосып ұйықтау денсаулыққа зиян ба? Дәрігердің айтуынша, құрылғы дұрыс жұмыс істеп, қажетті режимде қосылған болса, кондиционермен ұйықтау қауіпті емес. Керісінше, бөлмедегі қолайлы температура сапалы ұйқыға жағдай жасап, ыстық күндері жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін жүктемені азайтады.

— Алайда температура тым төмен, мысалы 18-19 градусқа қойылса немесе салқын ауа төсектің үстіне тікелей бағытталса, таңертең адамның тамағы құрғап, мұрны бітелуі немесе мойын мен арқа бұлшықеттерінде ауырсыну пайда болуы мүмкін. Мұндай белгілер көп жағдайда инфекциядан емес, суық ауа мен шырышты қабаттардың кебуінен туындайды. Сондықтан түнгі уақытта бөлме температурасын 24-26 градус шамасында ұстап, кондиционердің ауа ағынын төсекке тікелей бағыттамаған абзал. Егер бөлме ауасы шамадан тыс құрғап кетсе, ауаны ылғалдандырғыш қолданған немесе бөлмені мезгіл-мезгіл желдетіп тұрған дұрыс. Кондиционердің өзі денсаулыққа қауіп төндірмейді. Көп жағдайда мәселе құрылғының өзінде емес, оны дұрыс пайдаланбауда. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы жаздың аптап ыстығында да жайлы әрі денсаулыққа зиянсыз салқындықты қамтамасыз етуге болады, — дейді Таңшолпан Талғатбекова.

Еске салсақ, осыған дейін аптап ыстықта жиі су ішіп, көкөністі көбірек жеген дұрыстығы туралы жазғанбыз