Үйлескенмен партаға, үйлесе ме қалтаға?!
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектебің білім бесігің, Шаттана аш есігін! - деген жазуы бар үлкен маңдайшаны қаладағы үздік мектептердің бірі кіреберісіне әспеттеп іліп қойыпты. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушы білім ордасының есігін шын мәнінде, шаттана ашатыны рас, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.
Алайда жаз маусымы аяқталып, оқу жылы басталар тұста қарбалас басталып, ата-ананың да дегбірі қашатыны жасырын емес. Кітап мәселесі, мектепке қажет құрал-жабдықтар, одан қала берді, мектеп формасы кез келген отбасының қалтасына салмақ түсіріп жатады. «Біріне тартса, біріне жетпейтін» қарбалас сәтте кейбір білім беру мекемелерінің ата-ана қалтасына салмақ болатындай талаптарды қоятыны тағы бар.
Алматыдағы бірқатар білім ордалары мектеп формасын тек Glasman фирмасынан алуға міндеттейді екен. Редакцияға қоңырау шалған ата-аналар осылай дейді. Олар: «Мектеп басшылығы айтқан талаптарға сай киімдер тек Glasman дүкендерінде сатылады. Сол себепті осы дүкеннен сатып алуымыз керек. Ал мұндағы мектеп формасы ақ жейдемен қоса алғанда, шамамен 30 мың теңгеден асып жығылады. Менің мектеп жасында төрт балам бар. Олардың әрқайсысына 30 мыңнан 120 мың теңге керек. Бұдан бөлек, олардың мектепке қажет құрал-жабдықтары мен 6000 теңге тұратын бірыңғай спорттық киімін алуымыз қажет» деген шағымын айтқан еді. Осындай қатаң талап қоя алған білім ордаларының қатарында №175 және №179 мектеп-гимназиялары да бар. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында «Жаңа ғасыр» №175 гимназиясына бас сұқтық. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Еркінқызы бұл мәселе хақында былай баяндады:
- «Жаңа ғасыр» мектебі мемлекеттік мекеме болғандықтан, мұнда жағдайы әртүрлі отбасылардың балалары оқиды. Осы себепті ескере отырып, ата-аналарға киім сатып алуда компания таңдау мүмкіндігін береміз. Десек те, мектеп формасын бірізділендіру мақсатында түсі мен үлгісіне талап қоямыз. Мәселен, биыл ұлдарға түсі қою көк кеудеше мен шалбар және ақ жейде міндеттелсе, қыздарға осындай түстес кеудеше, белі көрініп қалмауы үшін жеңі шолақ көйлек (сарафан) алу керек деген талап қойылды. Әйтсе де, ешбір ата-анаға қандай да бір компанияның киімін сатып алу міндеттелген емес. Glasman, Angelcher, «Сымбат» сынды отандық компаниялардың өнімі мектеп формасына қойылатын талаптарға толығымен сай болғандықтан, осы аталған дүкендерді ұсынып жатамыз. Сондай-ақ мұндай кәсіпорындар біздің мектептің оқушыларына түрлі жеңілдіктер жасайды. Мамыр айында ата-аналардың жалпы және сынып жиналысы өтті. Онда аталған компаниялар өз өнімдерінің түрлі үлгілерін ұсынды. Ата-аналардың басым бөлігі сол кезде өз таңдауын жасады деп есептеймін. Сонымен қатар балалар қосымша қою көк түсті галстук тағады. Сабақ үлгерімі жоғары, белсенді балалар «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдарына өтеді, онда ашық көк галстук беріледі.
Былтырдан бері ата-аналардың келісімімен спорттық формаларды да бірыңғайға келтірдік. «Ақбота» кәсіпорынымен бірлесе отырып, өзіміздің спорттық киімімізді әзірледік. Бағасы - 6000 теңге. Жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасыларға мұндай формалар тегін таратылды. Айта кететін жайт, мектеп формасының үлгісіне өзгеріс енгізер тұста, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының талап-тілектері назарға алынды. Мәселен, биылғы жылдан бастап белдемшенің орнына жеңі шолақ көйлек (сарафан) кию туралы ұсынысты қыздардың өзі айтқан болатын» дейді.
Алғашқыда, Айнұр ханымның пікірімен келісіп, айтар сөзіне сенгенімізбен, директор орынбасарының жұмыс үстеліндегі Glasman компаниясының бума-бума жарнамалық-ақпараттық қағазын көргеннен кейін көңілде күмән пайда болды. Оның үстіне ол: «Мектеп формасының талаптарына түгелдей дерлік жауаптымын. Сол себепті оқушыларға, олардың ата-аналарына Glasman, Angelcher, «Сымбат» сынды отандық компанияларды ұсынып отырамын. Ата-аналардың айтуынша, Glasman компаниясының сапасы жақсы» деп аталған компанияны жақсылап жарнамалаудан бөлек, «Бізде еден жуушылардың балалары қара базардан киінеді. Оларға түсіне мұқият болыңдар, мектеп формасының талабы бойынша қою көк түс сатып алу керек деп ескертеміз. Оларға басқа не дейсің?» деп жанашырлығын да білдіре кетті. Десек те, сырттағы мектеп оқушыларының басым бөлігі мектеп формасын Glasman дүкендерінен сатып алғанын айтады. «Бұл дүкенді не себепті таңдадыңдар?» деген сауалымызға ата-аналарының қалауы солай болғанын жеткізді.
Ал министрліктегілердің айтуынша, бір форманың құны шамамен 15 мың теңгеден аспауы тиіс. Әрі ол мектеп формасын тігетін отандық өндірушілердің өніміне тиесілі баға. Оны да белгілі бір талаптарға сәйкес білім беру ұйымдары мен білім мекемелерінің жетекшілері ұсына алады. Министрлік мектеп формасын күштеп алғызуға қарсы.
Білім және ғылым министрлігі биылғы жылы міндетті мектеп формасын енгізуге байланысты жаңа талаптар енгізген. Жалпы, министрліктің мәліметінше, нормативтік-құқықтық актіде еліміздегі мектеп оқушылары үшін бірыңғай мектеп формасын енгізу қарастырылмаған. Еліміздің «Білім туралы» заңында уәкілетті органның міндетіне әр мектептің әкімшілігі ата-аналармен бірге таңдаған оқу формасына рұқсат беру ғана кіреді. Олардың міндетіне бірыңғай мектеп формасының стандартын енгізу мен жүзеге асыру енбейді.
Министр Ерлан Сағадиев: «Мектеп формасының бірыңғай болғаны тиімді. Ата-аналардың сөздеріне қарағанда, бірыңғай форма балалардың сырт-келбетін көріктендіреді, тәртіпке салады, оқуға мән беруге ықпал етеді» деген болатын. Сондай-ақ министр әрбір мектептің өзіне тән формасының болғанын құп көреді. Әрі солай киінгенін қолдайды да. «Бұл - сол мектепті даралап көрсетеді» дейді министр. «Мектепті оқушылардың формасынан тануға болады. Себебі форма мектептің брендіне айналуы тиіс. Сондықтан мен оны қолдаймын. Дегенмен, олар жалпыға бірдей іскерлік стильдің нормаларына жауап беруі керек, бұл балаларымызды дұрыс дресс-кодқа үйретуі тиіс» деген еді министр.
Осы тұста Білім басшысы атаған Іскерлік стильді аса ыңғайлы санамайтын кей мектептер жалпыға ортақ мектеп формасының стандартына бағынбай, өзіндік мектеп киімін әзірлейтіні жасырын емес. Мәселен, Алматы қаласындағы қыз балаларға арналған Қазақ-түрік лицейінің формасының түсі мен үлгісі өзгеше. Мектеп басшылығының пікірі мынадай...
Ғалия СЕГІЗБАЕВА,
Қазақ-түрік лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Қазақ-түрік лицейіне қабылданған кез келген оқушыға мектеп формасын білім ордасы береді. Яғни сабақ барысында басқа форма киюге рұқсат жоқ. Алматы қаласындағы «Сайгез» ЖШС-мен бірлесіп мектеп формасын өзіміз әзірлейміз. Белдемше, екі көйлек, жеңі қысқа кеудеше мен сыртынан киетін жылы күртешеден тұратын мектеп формасының құны шамамен 20 мың теңге. Мектеп ақылы болғандықтан, бір рет форма тегін беріледі. Егер мектеп киімін жоғалтып алса немесе келесі жылы қысқарып қалса қосымша ақша төлеп, қайтадан сатып алуына тура келеді. Расында, біздің форма өзге қалалық мектеп киімдерінен өзгешелеу. Қазақ-түрік лицейінің мектеп формасын әзірлеуде басты назарға алатын тұсы - киімнің ыңғайлы әрі кір көтерімді болуы. Менің ойымша, классикалық үлгіде өзге мектеп киімдері баланың сабақ оқуы барысындағы қимыл-қозғалысына аса қолайлы емес. Әу баста, біздің тәжірибемізде де тізеден төмен түсетін тік белдемшелер болған. Мұндай белдемше қыз баланың еркін отырып-тұруына қиындық тудырғаннан кейін кең етекті белдемшеге ауыстырдық. Жалпы, мектеп формасын үнемі зерттеп отырамыз. Қолайсыздау тұсын ескеріп, өзгертеміз. Мектептің 20 жылдық тарихында осындай себептерден форма төрт рет ауысты. Форманың түр-сипатын балалар таңдауға көмектеседі. Форманың қазіргі күлгін және сұр түстері балалардың басым бөлігіне ұнайды. Ал спорттық киімді таңдау әр оқушының өз еркінде.
Бір Алматының өзінде 760-тан астам мектеп бар. Демек, бұл мектептердің әрқайсысы өзінше даралануы үшін өз киім үлгісін көрсетер болса, бірыңғай киім үлгісі қандай болмақ?
Естеріңізде болса, осыдан 10-15 жыл бұрын мектеп оқушылары бірыңғай әдемі фартук киіп сабаққа баратын. Ешбір білім ордасы бір-бірінен бөлектенген емес. Сол себепті бірыңғай мектеп формасына көшу бір жағынан дұрыс. Өйткені кейбір мектептерде оқушылар өз қалауымен киінгенді ұнатады. Әртүрлі киім үлгісінің мектеп стандартына сай келмейтіні тағы бар. Ал мектеп формасын шығару, балаларға арнап киім тігетін жекелеген өнеркәсіп ұйымдарының тікелей міндеті. Оған министрліктің еш қатысы жоқ. Әрі мектеп формасын тігетін ұйымды да арнайы таңдауға олардың мүмкіндігі жоқ. Оны шешетін жергілікті мекемелер ғана.
Бірыңғай мектеп формасына қатысты мәселені өткен жылдың мамыр айында депутаттар ұсынған болатын. Министрлік те депутаттардың ұсынысын қош көрген. Сол себепті де жаңа оқу жылынан бастап бірыңғай мектеп формасын киетіні белгілі болған еді. Білім және ғылым министрлігі ұсынған жалпыға бірдей мектеп формасының жаңа стандартына көңілі толатындар да бар. «Бұл бір жағынан, хиджаб, орамал секілді өзекті мәселелерге тосқауыл болар еді» дейтіндер аз емес. Тіпті көп ата-аналар министрлік бекіткен жаңа стандартқа қарсылық танытып отырған жоқ. Мектеп киімі оқушыға ыңғайлы әрі денеге жайлы болуы тиіс.
Назым ДҮТБАЕВА,
ата-ана:
- Тамыздың аяғында ата-аналардың қарбаласы басталады. Оның ең алғашқысы, мектеп формасын таңдау. Кей мектепте ата-аналарға белгілі бір фирманың киімін алуды міндеттейтін көрінеді. Біздің балалаларымыздың мектебі тарапынан ондай тапсырма берілген жоқ. Тек былтыр Angelcher фирмасынан алуды ұсынған. Бірақ, оның матасы ұнамаған соң алмадық. Тұңғышымыз 2010 жылы мектеп табалдырығын аттаған еді. Ол кезде теңгенің едәуір құны болды. Мектеп формасын іздеген уақытта сапалысы деп Glasman-ды естідік. Қазақстаннан шығарылатын арнайы мектепке арналған топтама екен. Ол кезде пиджак, жилет, шалбар үшеуінің бағасы 7500, жейде 1800 еді. Биыл тұңғышымыз жетінші сыныпқа барады, тек шалбар мен пиджак 20 000 болды. Шолақ жең кеудешені қоссаңыз 24 000 екен. Балаға алған киім өңін бермей, жыл бойы кигенге жарасын деген мақсатпен сапалысын алғымыз келеді. Алайда үшінші және бірінші сыныптағы балаларымыздың формаларымен қосып есептегенде (жейдені қоспағанда 15 000 теңгеден) қалтаға едәуір салмақ түседі. Glasman тауарларының барлығында отандық өнім деп жазылып тұр, бағасы қай сауда орнына барсаңыз да өзгермейді. Өндірушінің өзі белгілеген баға. Ата-ана ретінде Қазақстанда тігілетін киімнің осы елдің азаматтарына осынша қымбатқа сатылатынына таңым бар. Өз елімізде тігілген киімнің бағасын жергілікті тұрғындарға қолжетімді етіп ұсынса, халық отандық өнімді қолдаудан қашпас еді. Алдыңғы жылдан бері балаларға Glasman жейделерін алмайтын болдым. Өйткені бір балаға екі жейдеден алуға тура келеді. Оның 1800-ден басталған бағасы былтыр 2500 болды, ал биыл 3500 екен. Амалсыздан басқа фирманың сапасыздау жейдесін сатып алдым. Қазір жас отбасыларда кем дегенде үш бала мектепке барады. Ал оларды бірыңғай формамен қамту оңай болмай тұр. Мұндай әлеуметтік жағдайлар бара-бара халық санының өсуіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
Эльмира БИДАЙБЕКОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы
№159 мектеп-гимназиясының директоры:
- Алматы қаласында Бірыңғай мектеп формасы бекітілгені баршаға мәлім. Мектеп қабырғасындағы балаларымызға арнап киім тігетін Glasman, Angelcher, «Сымбат» сынды отандық кәсіпорындар бар. Бұл үш компания ұсынатын мектеп формаларының түсі мен үлгісі талапқа сай. Кез келген мектепте бірыңғай форма болуы керек, сол себепті талапқа сай форма кигенін талап ететініміз рас. Жыл соңында ата-аналарды арнайы мектепке шақыртып, жиналыс ашып, балалардың формасына қойылатын талаптарды ескерткенімізбен, қандай да бір фирмадан алуға міндеттемейміз. Бірақ білім ордасының логотипі бейнелеген белгіні бірыңғай етіп әзірлеп, оны ата-аналар баланың кеудешесіне тігіп беруі үшін, таратып береміз.
Былтыр Білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасы мен әр мектепте бірыңғай спорттық киімдер әзірлеу туралы тапсырма берді. Сол жылы ата-аналармен ақылдасып, спорттық киім дайындайтын бірқатар фирмалардың көрсетілімін ұйымдастырдық. Көпшілігі Zibro-ны таңдады. Кеудешесі ақ, шалбары көк түсті киімнің бағасы - 8600 теңге. Бірқатар ата-аналар үшін бағасы қолжетімді, ал жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасыларға арнайы жеңілдіктер қарастырылды.
Жалпы, ата-аналар тарапынан бірыңғай мектеп формасына қарсылық жоқ. Басты қарсылық мектеп формасын әзірлейтін арнайы өнеркәсіп бұйымдары, я болмаса мектеп басшылығының форма алуда белгілі бір компанияға міндеттейтініне қатысты өрбитін секілді. Былтыр бұл мәселе Оңтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде де көтерілгені мәлім. Мұндағы кей білім ордалары тек «Алтын адам» компаниясы тігетін киімдерді сатып алуды міндеттеген еді. Десе де, бұл мәселе оң шешімін тапқан. Шымкенттегі оқушылар екі тігін фабрикасының киімдерін киеді. Оның бірі - «Гауһартас» болса, екіншісі - «Алтын адам».
Қалада өткен көрмеден кейін таңдау осы екі фабрикаға түскен. Шымкент қалалық Білім басқармасының айтуынша, қалалық қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті бірауыздан келісіп, осындай ұйғарымға келсе керек. Шымкенттік мектеп оқушылары бірыңғай қара көк түсті таңдаған. Киімнің оң жақ кеудесінде «Шымкент мектебі» деген жазу болады. Оқушылар ақ жейде, қара-көк түсті костюм мен шалбар, жилет, ал қыздар белдемше, қыста шалбар кимек. Жергілікті білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, жоғары сынып оқушылары үшін мектеп формасының құны 10-12 мың теңге, ал бастауыш сыныптар үшін мектеп формасы 7-8 мың теңгеге тігіледі. Бір Шымкенттің өзінде 150 мыңнан астам бала мектепте оқиды. Олардың ішінде жетім, жартылай жетім және әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар үшін де жеңілдіктер бар екендігін айтады.
Республикалық деңгейде жылда күн тәртібіне шығатын бұл проблеманың тағы бір қыры - қымбаттығында. Мәселен, Glasman компаниясының матасы түріктердікі, Angelcher-дікі ресейлік болғанымен, киімді елімізде тігеді. Мектеп формасын тігетін кәсіпорындардың басым бөлігі отандық екенін ескерсек, киім бағасы неге министрлік айтқан 15 мың теңгеден қымбат?
Түйін:
Басты мәселе, киімді әзірлейтін өнеркәсіп ұйымында тұрған жоқ. Мәселе, киімнің арзан-қымбаттығында. Әрине, кез келген ата-ана баласына сапалы, тәуір киім әпергенді қалайды. Ал ондай бұйымдардың құны жоғары. Арзан матадан тігілген киімдер қара базарда көптеп сатылуда. Әрі оның бағасы да қолжетімді. «Арзанның жілігі татымас» дегендей, ондай бұйымның сапасы да сын көтермейді. Қалтасы қалыңдар жақсы киім таңдай алады. Қалтасы таяздар не істейді? Сондықтан Білім және ғылым министрлігі Glasman, Angelcher, «Сымбат» және басқа киім фабрикалары тіккен мектеп формасының бағасын тұрақтандыру мәселесін жолға қою қажет секілді. Сонда ата-ана да, білім беру мекемелері де бірыңғай мектеп формасына қатысты дау-дамайдан арылар еді...