Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үйсіз жандарға қымбат көлік рәсімдеген: Елде адам саудасына қатысты 80-нен аса қылмыс анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — 30 шілде — Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Биылғы іс-шаралар «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтеді. Бұл интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеу сияқты адам саудасының жаңа түрлеріне назар аударуға бағытталған.

Торговля людьми, Адам саудасы, кража контейнеров
Фото: Canva

ҚР Қылмыстық кодексінде қанаудың барлық түрлері үшін, соның ішінде мәжбүрлі еңбекке тарту, сексуалдық қанау және қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеу фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген. Алдын алу шаралары нәтижесінде биыл ішкі істер органдары осы санаттағы 80 қылмысты тіркеді.

Сондай-ақ адам саудасымен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды.

— Мысалы, Алматы қаласында адамдарды қылмыстық мақсатта пайдаланумен айналысқан ұйымдасқан топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық топ тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды алдап-арбап, олардың атына Алматы және Шымкент қалаларында қымбат автокөліктерді рәсімдеп, кейін оларды сатып отырған. Қазіргі уақытта қылмыстық топтың негізгі ұйымдастырушылары ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр, — деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Самат Құсетов ОКҚ-да өткен дөңгелек үстелде.

Жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жай беру, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету немесе жеңгетайлық фактілерінің жолын кесу жұмыстары жалғасты. Осы бағытта 758 әкімшілік іс тіркеліп, құқық бұзушыларға 213 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру процестерін ғана емес, құқықтық база құруды, адам саудасы фактілерінің алдын алуды және анықтауды ұйымдастыруды қамтитын бірқатар кешенді шараларды жүргізіп келеді.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігі шетелде адам саудасының құрбаны болған қазақстандықтардың саны ресми деректерден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтып отыр. Былтыр 40-тан астам қазақстандық шет елдерде құлдыққа жегілген.