Үздік судьяларға EXPO-2017 көрмесінің билеттері берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қарсаңында жұмыста үздік көрсеткіштерге ие судьялар мен қызметкерлерге аталған іс-шараны тамашалау үшін билеттер берілді, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.
Мұндай шешімді «EXPO-2017» көрмесінің маңызы туралы арнайы отырыстар өткізу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Судьялар одағының орталық кеңесі өңірлік филиалдармен бірлесіп қабылдады. Билеттердің бір бөлігі ардагер судьяларға берілді. Көрменің барлық билеттері Судьялар одағының қаражатына алынған.
Көрмеге барлығы 167 адам келеді. Олардың ішінде 125-і - қызметтегі судьялар, 39-ы - отставкадағы судьялар және 3-еуі - кеңсе қызметкерлері.
Еске сала кетейік, көрме 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді, оған 115 мемлекет пен 10-нан астам халықаралық ұйым қатысады. 2017 жылғы әлемдік деңгейдегі мамандандырылған көрмеге қатысушы мемлекеттер баламалы энергия көздерін қолданудың жетістіктері мен келешегіне қатысты экспонаттарды көрсететін болады.