«Ұзындығы 2 шақырым». Жетісулықтар аязда қант қызылшасына кезекте тұруға мәжбүр

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Ақсу ауданында қызылша тиеген жүк көліктерінің нөпірі басылар емес. Қыстың суығында техникаға қонып жатқандар зауытқа 3-4 күнде зорға кіреді.

жүк көлігі, камаз
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған екі зауыттың бірі осы Ақсу ауданында. Мұнда жан-жақтан жиналған жүк көліктерінің жүргізушілері зауытқа өнімдерін өткізу үшін 3-4 тәуліктеп кезекке тұруға мәжбүр. Қыстың суығында техникаға қонып, темір жастанып жатқандар шаруалардың жаздағы еңбегі еш кетпесе екен деп отыр.

жүк көлігі, камаз
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

— 2-ші күн болды, әлі тұрмыз. Көлікке қонамыз. Тамағымызды сатып алып, көлік ішінде ішеміз. Мұның алдында ауылдың арғы басынан зауытқа дейін жүріп, 4 күн дегенде зорға кірдім. Күннің суытқаны қиын болды. Пәтер жалдап көріп едім, оның өзі суық, қайтып келіп, камазға жаттым, — деді Түркістан облысынан келген жүргізуші Әбдумәуленов Ержан.

Желіде Жансүгіров ауылында ұзын-сонар кезектің пайда болғанын айтып, жазба қалдырған ақсулық белсенді жүргізушілер мәселені ашық айтсақ қысым болама деп қорқып отырғандарын айтты.

— Зауыт жаққа барып, түсірілім жасадым. Кезектің ұзындығы 2 шақырымдай болады, одан асып кетпесе. Көлік жүргізушілері видеоға түсіп, жағдайларын айтудан бас тартты. Себебін сұрасам, қызылшасын өткізгенде зертханада өнімнің сапасын түсіріп, қабылдамай қоя ма деп қорқады. Кезексіз кіргізіп жатқандар да кезедеседі дейді. Күн суытқалы бері дизельдері қатып, қиындық көріп жатқандары да бар, — деді Ақсу ауданының азаматы Данияр Бейісқали.

жүк көлігі, камаз, кезек
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Мән-жайды білу мақсатында зауыт басшылығына хабарласып, жауап ала алмадық. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі тәулігіне зауыт 180-200 көліктен қабылдап жатқанын мәлімдеді.

— «Ақсу қант» ЖШС тарапынан күнделікті Ақсу, Сарқан, Алакөл, Көксу, Ескелді Қаратал, Кербұлақ аудандарының, Жамбыл облысының шаруа қожалықтарынан қант қызылшасын тасымалдаушы 180-200 жүк көліктерін қабылдауда. 2000-3000 тонна тәтті түбір зауытқа түсірілуде. Зауыт кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс атқаруда. Кезекте тұрғандар 2-3 күнде кіруде. Қоғамдық тәртіпті сақтауға аудан әкімдігі, полиция бөлімі, «Ақсу қант» зауыты тарапынан кезекшілік ұйымдастырылған, — деді Ақсу ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Жүргізушілердің зауыт басшылығы мен жергілікті әкімдікке күн суытқанда амалын тауып, кезекті жылдамдатса, жүйелесе деген өтініші бар.

Еске салайық, осыған дейін Көксу қант зауыты тәулігіне 4 мың тонна қант қызылшасын қабылдайтынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар