V Азаматтық форум - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі - Ө.Шөкеев
ТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен V Азаматтық форумның ресми ашылу салтанаты өтті.
Ө.Шөкеев атап көрсеткендей, V Азаматтық форум - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі. «Негізі, 20 жылдың ішінде елімізде билік пен қоғам арасындағы ынтымақтастықтың тиімді тетіктері қалыптасты. Осының негізінде демократиялық реформалар оңтайлы түрде жүзеге асуда. Бұнымен Қазақстанның азаматтық қоғамы әлемге танымал бола бастады», - дейді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Ө.Шөкеевпен бірге форумның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков және ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім қатысты.
Бүгін таңертең өз жұмысын бастаған V Азаматтық форумның секциялық отырыстары барысында салық мәдениетін қалыптастыру, әлеуметтік жаңғырту тетіктерін енгізу, мүгедек жандардың құқықтарын қорғау және тағы басқа қоғамның өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ биылғы форумда алғаш рет экстремизмнің алдын алу жұмысындағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметі жан-жақты қаралды.