12:18, 13 Наурыз 2014 | GMT +5
Вьетнам мен Малайзия ұшақтары жоғалған «Boeing»-тің қирандыларын таппады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Вьетнам мен Малайзия ұшақтары «Malaysia Airlines» әуе компаниясының жоғалып кеткен «Boeing» әуе кемесінің қирандыларын таппады, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
«Ол жерде ештеңе жоқ. Біз онда бардық, бірақ түк таппадық», - деді Малайзия азаматтық авиация департаментінің басшысы Азхаруддин Абдул Рахман. Сондай-ақ Рейтер агенттінің хабарлауынша, Вьетнам ұшағы да жоғалған әуе кемесін таба алмаған. Айта кетейік, сәл ертерек CNN телеарнасы қытай жерсерігі Куала-Лумпурдан солтүстік-шығысқа, ал Вьетнамнан оңтүстікке қарай апатқа ұшыраған лайнердің қирандыларына ұқсас бөлшектерді тапқандығын жариялаған еді. Жалпы, 1997-2012 жылдары аралығында әлемде 496 ұшақ апатқа ұшырап, соның салдарынан 12 799 адам мерт болды. Айта кетерлігі, бұл оқиғалардың 68 пайызы адами фактордың әсерінен, 18 пайызы техниканың істен шығуы салдарынан орын алған. Ал 14 пайызының себебі белгісіз.