В12 дәруменінің жаңа түрі ми обырын емдеуде тиімді болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — В12 дәрумені негізінде әзірленген жаңа қосылыс ми обырының ең қатерлі түрлерінің бірі саналатын глиобластоманы емдеуде тиімді нәтижелер көрсетті. Бұл туралы Oncoscience ғылыми журналында жарияланған зерттеу қорытындысында айтылды.
Зерттеуді Nitric Oxide Services, LLC компаниясының ғалымы Джозеф А. Бауэр жетекшілік еткен зерттеу тобы Кливленд клиникасындағы Тауссиг онкологиялық орталығының мамандарымен бірлесіп жүргізді.
Ғалымдар В12 дәруменінің түрлендірілген нұсқасы саналатын нитрозилкобаламинді (NO-Cbl) зерттеді. Бұл қосылыс азот тотығын тікелей ісік жасушаларына жеткізуге мүмкіндік береді.
Глиобластома — ми обырының ең агрессивті түрлерінің бірі. Науқасқа ота жасалып, сәулелік және химиотерапия жүргізілгеннің өзінде диагноз қойылғаннан кейінгі орташа өмір сүру ұзақтығы көбіне 15 айдан аспайды.
Жануарларға жүргізілген тәжірибелер барысында NO-Cbl қосылысы миды қорғайтын гематоэнцефалдық бөгеттен еркін өтіп, ісік тіндерінде таңдамалы түрде жиналатыны анықталды. Сондай-ақ жаңа тәсіл ісік жасушаларында кемінде 24 сағат бойы белсенді күйінде сақталып, азот тотығының ұзақ уақыт әсер етеді.
Зерттеулер NO-Cbl қосылысын темозоломид препаратымен немесе тәжірибелік TRAIL терапиясымен бірге қолдану ісік өсуін олардың әрқайсысын жеке қолданғаннан әлдеқайда тиімді тежейтінін көрсетті.
Зерттеу авторларының пікірінше, бұл қосылыс ісіктің емге төзімділігін төмендетуге ықпал етіп, қатерлі жасушалардың жойылуын жеделдетуі әрі қазіргі қолданыстағы емдеу тәсілдерінің тиімділігін арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар ғалымдар әзірге бұл нәтижелер тек клиникаға дейінгі зерттеу кезеңінде алынғанын ескертеді. Сондықтан жаңа тәсілді клиникалық тәжірибеге енгізбес бұрын оның тиімділігі мен қауіпсіздігін растау, оңтайлы дозасын анықтау және әсер ету механизмін жан-жақты зерделеу үшін қосымша зерттеулер қажет.
Еске салайық, бұған дейін жыл соңына дейін Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы алғашқы отандық препарат тіркелетіні хабарланған болатын.
Айта кетейік, Қазақстанда онкологиялық аурудың алдын алуға арналған қоспа әзірленіп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасын осы жерден оқи аласыз.