Вадим Ни: Кен орындары өнімін бөлісу келісімдерін ұзартуда экологиялық ашықтық қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Өнім бөлісу келісімі дегенде ойға ең әуелі «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» секілді ірі мұнай-газ кен орындарын игеріп жатқан операторлар түседі. Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни агенттік тілшісіне бұл шешімнің Қазақстанның қоршаған ортасына қалай әсер ететіні туралы пайымын айтты.

Продление СРП-контрактов возможно, но с открытыми экологическими условиями — Вадим Ни
Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Әлемде көмірсутекті шикізат ретінде де, жанармай ретінде де пайдалануға деген көзқарас пен талап күшейіп келеді. Сарапшы Қазақстан жақын жылдары мерзімі аяқталатын өнім бөлу келісімдерін қайта өзектендірген кезде осы мәселені де маңызды назарда ұстау керек деп отыр. Мысалы, «Теңіз» кен орнын игеруге келісімі 2033 жылға дейін күшінде болады. Ал 2038 жылы «Қарашығанақ», 2042 жылы «Қашаған» кен орындарының келісім мерзімі аяқталады. 

- Әлемде өнім бөлісу келісімдерін өзгертіп, түзету тәжірибесі бұрын болған. Ал бүгінде бұл құжаттар конституциялық сипаттағы келісімге айналды. Өнім бөлісу келісімдері қоршаған ортаның мәселелерін де қамтитыны жасырын емес. Каспийден де, құрлықтан да мұнай шайқаудың экологиялық сын-қатері жоғары екенін ұмытуға болмас. Қазақстан мұнайының құрамында күкірт көп. Ол өте ауыр. Тіпті кезінде осы мұнайды күкірттен арылтпай тасымалдау мәселесі де көтерілген, - дейді эколог.

Аталған келісімдердің әлі күнге дейін жабық ұсталуы ондағы экологиялық талаптардың қаншалықты орындалып жатқанын бақылауда да қиындық туғызатын көрінеді. 

- Ол келісімдердің мазмұны қандай екенін энергетиктер ғана біледі. Экологтерге жол жоқ. Көпшіліктің танысу мүмкіндігі туралы айтудың өзі артық. Әрине, бұл жобалар экологиялық бағалау өтіп отырады. Бірақ бұл Қазақстан азаматтарының аталған жобалардағы экологиялық талаптардың қаншалықты орындалып жатқанын көріп, біліп отыр деген сөз емес. Өйткені білмейтін дүниені бақылау мүмкін емес, - дейді Вадим Ни.

Сарапшы Теңіз кен орнындағы мұнай операцияларын кеңейту туралы сөз болса, операторлармен арадағы келісім жаңа шарттар негізінде бекітілуі керек деп есептейді. 

- Ол шарттардың бірі жобаға тәуелсіз экологиялық мониторинг жүргізу немесе мемлекет тарапынан күшейтілген мониторинг орнату талабы болу керек. Қазір мониторинг жүргізетін ұйымдарды мұнай компанияларының өздері жалдайды. Ондай мониторингтің мәліметі қаншалықты объективті? Бізге қандай шығарындылар тасталып жатқанын, теңізге ештеңе тастамау туралы талап қаншалықты орындалып жатқанын айқындап, шынайы экологиялық ахуалды білу керек. Қазір осы мәндегі қорытындылардың шынайы екенін ешкім тексере алмайды, – дейді эколог.

Бір сөзбен айтқанда, Каспийдегі қазіргі экологиялық ахуал аталған жобаның өнім бөлісу келісімін қайта қарауға бірден-бір негіз болып отыр. Әйтпесе Қазақстан Каспийден айырылуы мүмкін. 

- Жағдай жыл сайын ушығып барады. Каспийден айырылып қалатындай деңгейге жетіп қалдық. Теңіздегі тіршілік біткен зардап шегіп жатыр, су таязданып келеді. Мұны табиғи циклге сілтеуге келмейді. Каспий суының сарқылуы қоршаған ортаға ғана емес теңізден мұнай шайқауға да кедергі келтіреді. Су азайған сайын қоршаған ортаны ластайтын заттардың концентрациясы да артады, – дейді сарапшы.

Вадим Нидің пайымдауынша, экологияны бақылаудың Қазақстанда қолданылатын тетіктері тиімсіз. 

- Бұл жұмыстар экологтердің қатысынсыз өтіп жатыр деуге болады. Басты кедергі тағы сол өнім бөлісу келісімдерінің жабықтығында. Қажетті ақпаратқа жобаны іске асыру кезеңінде ғана қол жеткізуге болады. Ал бұл кезде жауапкершілікке тартуға кеш болады. Тіпті айыппұл салғанның өзінде оны оператордың қазақстандық бөлігі төлейді, яғни негізгі компанияның мұрты да қисаймайды. Бұл «Кім ластаса, сол төлесін» дейтін халықаралық қағидаға қайшы, – дейді сарапшы.

Эколог өнім бөлісу келісімдерінде мұнай өндіру, тасымалдау жұмыстарының кезінде туындауы мүмкін апаттардың мәселесі тыңғылықты пысықталу керек деп отыр. 

- Каспийде мұнай шайқау басталған кезде миллиондаған тонна ластаушы зат атмосфераға шығарылды. Одан шағын апаттар кезінде жануарлар қырылды, - деп еске алады Вадим Ни. 

Эколог өнім бөлісу келісімдерін ұзарту шарасы формалды сипат алмауы керек дегенді баса айтты. 

- Келісімді ұзарту дегенде мерзімін тағы бір 10 жылға соза салу туралы айтып отырған жоқпыз. Ұзартпай тұрып келісім шарттарын қайта қарап шығу керек. Жаңа шарттағы негізгі мәселенің бірі экологиялық шарттарды ашу болуы тиіс. Бұл компаниялардың өз ішінде ғана емес, мемлекеттік экологтердің, қоғамның талқылауынан өту керек. Шартта экологиялық шығын келсе, оны қай тараптың өтейтіні анық жазылуы қажет. Компаниялар экологиялық зиянды өтеуде өздеріне жауапкершілік алғаны керек, - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысы бойынша Президент кен орындарының өнімін бөлісу келісімін жаңа шарт бойынша ұзартуды тапсырды

Соңғы жаңалықтар