Вакциналарды цифрлық бақылау жылына 450 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын нақты уақыт режимінде бақылайтын цифрлық жүйе барлық өңірге енгізіледі, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Жаңа жүйе вакциналарды қоймада сақтаудан бастап, тасымалдау және медициналық ұйымдарға жеткізуге дейінгі «суық тізбектің» барлық кезеңін қамтиды. Бұл вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Премьер-министрдің қатысуымен өткен цифрландыру жөніндегі кеңесте пилоттық жоба алғаш рет өткен жылы Қарағанды облысында сынақтан өткізілгенін айтты.
– «Вакциналардың «суық тізбегінің» сақталуын бақылау және қадағалаудың пилоттық жобасы алғаш рет өткен жылы Қарағанды облысында сынақтан өткізілді. Қазақтелекоммен бірлесіп, аталған жобаны 2026 жылдың соңына дейін барлық өңірде масштабтау жоспарланып отыр. Жыл сайын вакциналардың жалпы көлемінің шамамен 1,5%-ы бүлінуіне және «суық тізбекке» бақылаудың болмауына байланысты есептен шығарылады. Бұл жылына шамамен 400-450 млн теңгені құрайды, – деді министр.
Бірыңғай цифрлық жүйеге еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам нысан мен 21 мыңнан астам температуралық бақылау нүктесін біріктіру жоспарланған.
Вакциналарды тасымалдау кезінде де жеке бақылау жүргізіледі. Температура көрсеткіштері жол бойы бақыланып, арнайы көліктің қозғалысы GPS арқылы қадағаланады.
Сонымен бірге медициналық ұйымдардағы тоңазытқыш жабдықтарды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Министрлік мәліметінше, жаңа жүйе «суық тізбекті» бақылаудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырып, вакциналарды сақтау мен тасымалдау жағдайларын бүкіл ел бойынша қадағалауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда вакциналарды сақтау температурасы онлайн бақыланатыны хабарланды.