Валюта бағамының апталық шолуы: доллар 450 теңгеге түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада теңгенің негізгі валюталарға қатысты бағамы нығайды. Әсіресе 10 қыркүйектегі саудада доллар бағасы бір күнде 6 теңгеден астам төмендеді. Апта басында 454 теңге болған америкалық валюта аптаның соңына қарай 450 теңге деңгейіне түсті.
7 қыркүйекте KASE-дегі доллардың орташа сараланған бағамы 454,31 теңге болды. 8 қыркүйекте ол 454,39 теңгеге көтерілді. 9 қыркүйекте доллар 456,61 теңгеге дейін қымбаттады.
Алайда 10 қыркүйекте жағдай күрт өзгерді. Доллар бір күнде 6,26 теңгеге арзандап, 450,35 теңгеге түсті. Яғни бір сауда күнінде теңге шамамен 1,4% нығайды.
Еуро да арзандады. 10 қыркүйекте оның KASE-дегі орташа бағамы 523,21 теңге болды. Рубль 5,3184 теңгеге дейін төмендеді. Юань 67,0224 теңге деңгейінде сатылды.
Ұлттық банктің 11 қыркүйекке белгілеген ресми бағамы доллар үшін 450,79 теңге болды. Еуро – 524,13, юань – 67,22, рубль – 5,31 теңге.
Доллардың күрт арзандауына не әсер етті?
Бір күннің ішіндегі мұндай өзгерісті жалғыз фактормен түсіндіру қиын. Валюта бағамына нарықтағы сұраныс пен ұсыныс, экспорттаушылардың түсімді сатуы, импорттаушыларға доллар қажеттігі және сыртқы нарықтағы жағдай қатар әсер етіп отыр.
Ұлттық банк қыркүйекте Ұлттық қордан 200-300 млн доллар көлемінде валюта сатуды жоспарлаған. Бұған қоса, алтын сатып алуды теңестіру (айналау) операциялары аясында шамамен 374 млрд теңгеге баламалы валюта сатылмақ.
Теңгенің тамыздағы қозғалысы да осы үрдістің ауқымын түсінуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк өткен айда БЖЗҚ-ның валюталық активтер үлесін сақтау үшін 721 млн доллар сатып алған. Бұл сол айдағы KASE-дегі доллар саудасының шамамен 8,3%-ына тең.
Соған қарамастан тамыз қорытындысында теңге нығайды. Доллардың ресми бағамы ай басындағы деңгейден 2,6% төмендеп, 461,57 теңгеге түсті. Ұлттық банк бұл кезеңде интервенция жасамағанын мәлім етті.
Яғни нарықтағы валюта ұсынысы ірі сатып алудың өзіне қарамастан (721 млн доллар) жеткілікті болды.
Мұнай бағасы да теңгеге оң әсер етуін жалғастырып келеді. Апта басында Brent маркалы мұнай барреліне 100 доллардан асып, соңғы бірнеше айдағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Мұнай бағасының өсуі Қазақстанның экспорттық валюталық түсімін арттырады.
Басқа валюталардың бағамы
Апта ішінде еуроның да теңгеге қатысты бағамы арзандады. Оның KASE-дегі бағамы 10 қыркүйекте 523,21 теңге болды.
Тамызда Ресей валютасы негізгі валюталардың ішінде ең қатты әлсіреді. KASE-де оның бағамы бір айда 5,97 теңгеден 5,35 теңгеге дейін төмендеді.
Тамызда KASE-дегі юань операцияларының көлемі 52,6% артып, 2,95 млрд юаньға жетті. Валюта бағамы осы кезеңде 70,15 теңгеден 68,80 теңгеге дейін түсті.
Бұл деректер нарықтағы өзгерістің тек доллармен шектелмегенін көрсетеді. Теңгенің бірнеше негізгі валютаға қатысты бағамы қатар күшейді.
11 қыркүйектегі KASE саудасының қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 450,97 теңгені құрап, сауда көлемі 345,316 млн долларға жетті, нарықта 1010 мәміле жасалды.
Еуро 523,09 теңге деңгейінде қалыптасып, оның сауда көлемі 2,276 млн еуроны, мәмілелер саны 32 болды. Рубльдің орташа бағамы 5,3528 теңге болып, 2,803 млрд рубль көлемінде 839 мәміле жасалды. Ал юань 67,2238 теңге деңгейінде саудаланып, оның көлемі 28,066 млн юань, мәміле саны 15 болды.