Вампирлер мен мыстан кемпірлер немесе «Хэллоуин»-нің қазаққа керегі бар ма? (ФОТО)
Міне, қазақ баласына ата-анасы ғұмырын арнап, әдемі есім беріп, оның тұсауын кесіп, тілашарын жасап, айдарын алып, адамгершілікке баулып, қыз болса, қимай ұзатып, ұл болса, отауын тігетін кешегі ата-анамыздың тәрбиесін ұмыта, өзгенің салтына еру - бағымызға біреудің келіп арамшөп егіп кеткенімен тең дүние. Бірақ өкінішке орай, бау-бақшаны арамшөптен арылтуға тез әрекеттенсек те, тәрбиемізге төніп тұрған басқа ағымдарды тоқтатуға асықпайтын сияқтымыз.
Әуел бастан ескертіп қояйық: кез келген ұлт, кез келген қоғам, кез келген сенім өкілдері өз тәртібі мен сана-сезімі бойынша өмір сүруге құқылы. Біз тек бір ел жаппай тойлайтын «Хэллоуин»-нің біздің қоғамда тойлануы, қазақ жастарының «Хэллоуин» үшін аузы-бастарын қанға бояп, өлілердің кейпіне енуі - ақылға қонымсыз құбылыс екенін айтпақпыз бүгін. Жалпы, бұған дейін жазғанымыздай, қазанның 31-нен қарашаның 1-іне қараған түні әлемдегі барлық адамдар АҚШ пен Канаданың соңынан еріп, бүгінде мәні мен мағынасын көбі түсіне бермейтін Хэллоуин - пұтқа табыну мерекесін атап өтуге дайындалуда. Хэллоуиннің түп-тамыры Британия мен Ирландия елдерін мекендеген ежелгі кельттердің заманында жатыр. 1 қарашаға ең жақын ай толған түні олар «жаздың соңы» дегенді білдіретін Самайн мейрамын тойлайтын. Кельттер Самайн кезінде адам мен рухтар әлемінің арасындағы бөгет жойылып, жақсы рухтар да, зұлым рухтар да жерді кезіп жүреді деп сенетін. Сондай-ақ олар өлілердің рухтары өз үйлеріне қайта келеді деп есептеп, оларға жағу үшін ас-су әзірлеп қоятын. Сондықтан бүгінде аруақ не мыстан болып киінген балалар үйме-үй жүріп, бірдеңе бермесе, тәлкек қылып сазайын тартқызамыз деп үй иелерін қорқытуларымен өздері аңдамай Самайн мейрамы жораларының қайта жаңғыруына үлес қосады. ХІХ ғасырда Ирландия мен Шотландия эмигранттары бұл мерекені Америкаға әкелді. Тек өткен ғасырдың 1920 жылы Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қалаларында алғаш рет ресми тойланды. Келе-келе Хеллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. 1950 жылдардан бастап Хеллоуин коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле бастады. Костюмдер, әшекейлер, ашықхаттар және басқа да заттар өте жоғары сұраныстарға ие бола бастады. АҚШ пен Канадада тойланып келген жаңаша сипаттағы Хеллоуин бүгінде Еуропа мен басқа да құрлықтарға қанатын жая бастады. Қазақстанға да келді. «Дүрлігетін не бар?» дерсіздер. Бірақ сіздерге нақты мысал келтірейік. Әріптесіміз осы аптаның басында Оңтүстік Қазақстан облысына іссапарға барған. Қайтарда Шымкент әуежайына келе жатып, көлік жүргізушісі мен оның мектепте оқитын қызының арасындағы әңгімені еріксіз тыңдаған. Сонда қызы әкесіне «жұма күні мектепте «Хеллоуин» өтеді, соған костюм керек» деп, мазасын алады. Өкінішке орай, әріптесіміз Шымкенттің қай мектебі «Хеллоуин» тойлайын деп жатқанын сұрап үлгермеген. Ал ғаламтордағы мына хабарландыруларға қарап, «Хеллоуин»-нің көкесін Астанаға келгенде көресіз» деуге мәжбүрміз. «Хеллоуин»-ге арналған киім-кешек сататын сайттың саудасы қызып жатқан тәрізді, «Астана университетінің» сайты былтырғы «жын-ойнақтың» фоторепортажын салып қойған. Яғни, университет бұл «мерекені» биыл да тойламақ. Түнгі клубтарды былай қойғанда, Астанадағы Қазақ Гуманитарлық заң университеті «дискотека» өткіземіз деп жарнама берген. Ал «Park Inn by Radisson Astana» қонақ үйіндегі RBG мейрамханысында «Хеллоуин»-ге келемін деушілердің саны көп сияқты. Себебі, мейрамхана әкімшілігіне хабарласып білгеніміздей, клубта отыратын орын жоқ. Тек 5 мың теңгеге билет сатып алып, коктейль ішуге, «мыстан кемпір, вампир, елес, қара мысықтармен» бірге түнімен билеуге болады. Айтқанымыз біржақты пікірдің қорытындысы болмасын деп Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына хабарластық. Сөйтсек, мүфтияттың баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек ағамыз тіпті кеш батпай көшеде «Хеллоуин» тойлаушыларды көргенін айтып, жағамызды ұстатты.
«Отбасымызбен бірге көлікке мініп, қала ішінде келе жатқанбыз. Жоқ жерден бетіне маска киген жігіт келді де, бала-шағама қарап, ойына келген істеді. Балаларым әрине, қатты шошыды. Осылайша, бала-шағаны, жастарды қорқытудың расымен де өте қорқынышты көрінісіне куә болдым. Айтайын дегенім, бұл адами құндылыққа жатпайтын, тек қана зиян әкелетін үрдіс. Қандай да бір қауым өзгенің қалыптасқан үрдісіне, болмаса, бір дәстүріне, тіпті, күнделікті қолданатын дүниелеріне еліктесе, ол қауым сол қоғамға ұқсап кетеді. Сондықтан адамды қорқыту, қайта тірілген адамның кейпіне ену, оны қоғамға ашық насихаттау - жастарымыздың теріс түсінікте өсіп-өнуіне қатты ықпал етеді. Аузынан қан аққан адамның бейнесі ересек адамның жүрегін де тітіркендіреді. Дәстүрімізге, қазақи болмысымызға, мұсылмандығымызға жат дүниенің қоғамда ашық насихатталуына қарсымын», - дейді ҚМДБ баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы.
Ал депутат Алдан Смайыл әлгі «Әулие Валентинге» қарсы шыққандай, бұл үрдіске де ақылмен тойтарыс беру керек деген пікірін білдірді.
«Мұндай құбылыстар қоғамымызда бұрын да байқалған. Әлгі «Әулие Валентин» күні естеріңізде шығар, сол күннің тойлануына қарсы шыққан жастарымыз Қозы-Көрпеш-Баян сұлу күнін тойлайтын болды. Жастардың осындай қозғалысы мемлекет тарапынан, «қоғамға ие боламыз» деген партиялардың тарапынан қолдау табуы керек. Жастарды жат салттың салдары тиді деп, кінәлаудың қажеті жоқ. Осындай дүниелердің енуіне жол берген өзімізді кінәлауымыз керек. Екіншіден, осыны тойлап жатқан студенттер болса, олардың қай университетте оқитынын анықтап, тәрбие ісі жөніндегі жауапты адамдар жастарға айқай-шусыз бұл мерекенің мынандай жаман тұсы бар, қазақтың қыз-жігіттеріне керегі жоқ мереке кенін айтып, түсіндіруі керек. Кезіндегі «хэрлем шейк» биі секілді ұлттық болмысымызға жара салатын құбылыстың бірі - осы Хеллоуин», - дейді депутат.
«Хеллоуин»-ді айтып, қорқып отырған біз ғана емес. Дін және қоғам қайраткерлері оны «коммерциялық жоба» мен «мәдени отарлау» құралы десе, педагогтар мен психологтар «зұлымдық бейнесімен ойындардың» әсіресе, жас балалардың жетілмеген психикасына қауіп төндіруі мүмкін деп қорқып отыр. Карнавал мен маскарадқа жаны жақын Ресейдің өзі «қайтсек «Хеллоуин»-нан құтыламыз деген мәселені көтеруде. Кеше ғана Би-би-си ы «Запреты в школах, рейды в клубах: как в России борются с Хэллоуином» деген талдау материал ұсынды. Сондықтан бойымызға бауырмалдылық, махаббат пен адалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, биязылық еккен ата-анамыздың бағына арамшөп қаптап кетпеудің қамын біздің де ойлағанымыз абзал.