Ванкуверде алғашқы ондыққа кіре алсақ, Қазақстанда өтетін қысқы Азия ойындарында біз құрлықта бірінші боламыз - Есей Жеңісұлы
жасөспірімдерге арналған республикалық "Ұлан" газетінің бас редакторы Есей Жеңісұлымен сұхбаттасқан едік.
- Қазақстандық спорт сүйер қауым қазір назарын Ванкуверде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарына аударып, елеңдеп отыр. Бәрі қалай болғанда да спортшыларымыздан үлкен үміт күтеді. Спорт журналисі ретінде осы олимпиаданың маңызы мен спортшылардың мүмкіндіктері қандай деп ойлайсыз?
- Қысқы олимпиадалық ойындардың Қазақстан үшін өте үлкен маңызы бар. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ең алғашқы алтын медалін қысқы олимпиадада 1994 жылы Лили Хамерде алған болатын. Владимир Смирнов 50 шақырымға шаңғымен жүгіруден алтын алып келді. Ол жарысты ақжолтай олимпиада деуге болады. Сондықтан да оны асыға күтеміз. Бірақ 1998 жылғы Нагано олимпиадасынан кейін Қазақстанда «олимпиада медалі» болған емес. Өйткені, сол жылы шаңғышы Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева екеуі бір-бір қола медаль алып келді де, кейінгі олимпиадалардың бәрінен - Туриннен де, оның алдындағы 2002 жылы Солт Лейк Сити Олимпиадасынан да қанжығамыз бос қайтты. Бұл алты ай қыс болатын Сарыарқа, Солтүстік Қазақстан сияқты жері бар еліміз үшін кешірілмейтін нәрсе. Біз әрбір олимпиада сайын, әйтеуір тосын сыйлық, орысша айтқанда «сюрприз» жаңалық күтеміз, дәмеленеміз. Және көп жағдайда сол дәмеміздің орнын жазғы Олимпиада толтырады. Мысалға, 2004 жылы Бақтияр Артаевты жеңімпаз болады деп ешкім күткен жоқ, 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев чемпион болады деп ешкім ойлаған жоқ.
- Ванкувер ойындарында өнер көрсетуші спортшылардың ішінен кімдерден үміт күтесіз?
- Енді, бұл жолы да біз тым құрыса, күтпеген жерден қанжығамызға кем дегенде бір медаль түссе екен деп үміттенеміз. Ол медалді менің ойымша, ресейден келген қыз, биатлоншы Елена Хрусталева әкелуі мүмкін. Бірақ оның қарсыластары - Ресей, Германия құрамалары мықты. Дегенмен үміт күтеміз. Содан кейін, ерлер арасында жалғыз мәнерлеп сырғанаудан 16 жастағы жас жігіт, Денис Тен деген спортшымыз бар. Одан да бір медаль күтуге болады деп ойлаймын. Оның бағдарламасында сөзсіз фаворит ресейлік Евгений Плющенко деген спортшы бар, ол содан кейінгі орындарға сәтін салып, ілініп қалса деген үміттемін. Нақты айта алмаймын, дегенмен жүлделі орынға ілінсе деп тілеймін. Одан бөлек, шаңғымен жарыстан бізден Евгений Кошевой, Николай Чеботько сияқты Әлем кубогының кезеңдерінде көзге түсіп отырған спортшыларымыз бар. Олар осы олимпиада да көзге түсіп қалатын шығар...?! Бірақ шаңғымен жарысу бағдарламасында бізде де буын алмасу процесін толық өтіп болмағанын айтуымыз керек. Өйткені, осыдан 4 жыл бұрын олимпиадаға қатысқандардың ішінде Алексей Полторанин мен Евгений Кошевой, сонымен қатар, Николай Чеботько үшеуі ғана қатысады. Однотворцев сияқты жігітттер бұл жолы қатыспайды. Сондықтан, жарыстың бұл түріне қорқа-қорқа қараймыз. Қыздар арасында шаңғымен жүгіруден Оксана Ятская, Светлана Малахова, Елена Антонова сияқты үш тәжрибиелі шаңғышымыз бар. Олар олимпиадада алғашқы ондыққа кіріп көрген емес. Сондықтан алғашқы 20 мықты спортшылардың қатарына кірсе, төбемізге көтеріп, мақтан тұтуымызға болады. Ал біздің конькишілеріміз қара көбейтуге барады деп ойлаймын. Біз үшін, егер Ванкувердегі біздің спортшыларымыз алғашқы ондыққа кіретін болса, онда Алматы мен Астанада өтетін келесі қысқы Азия ойындарында біз құрлықта бірінші боламыз деген сөз. Өйткені қазір Азия бойынша Қытай мен Корея шорт-тректен мықты, Жапония мәнерлеп сырғанау мен тұғырдан секіруден мықты, ал басқа елден біздің спортшыларға шендесетін спортшы жоқ. Ливанның бір спортшысы бар, слалом түрі бойынша, бірақ ол қазір спортты қойып кеткен көрінеді. Сондықтан, Ванкувер Олимпиадасын келесі жылғы Қысқы Азия ойындарына үлкен дайындық ретінде қарастырып, спортшыларымыздың барша мүмкіндігін сарқа пайдалануға тырысуымыз керек. Содан кейігі ең игі нәрсе - биатлоннан және тағы басқа спорттың бір екі түрінен қазақ азаматтары барайын деп жатыр. Олардың өзі үлкен тәжірибе жинап келеді деп есептеймін. Оның ішінде ту ұстаушы, Азия, құрлық деңгейінде жетістіктерімен көзге көріне білген, Қазақстанның биатлоннан чемпионы, семейлік Диас Кенешов та бар. Біздің спортшыларымыз үшін Ванкувердегі жарыс алдағы қысқы Олимпиада ойындарының жаңа тынысын ашады деп сенемін.