Ванкуверде Олимпиада өткізуге қар жетіспей жатыр

Қысқы олимпиаданың ашылуына 1 ай уақыт қалғанда техникалық мамандар жарыстар өтетін жерлердегі қар қабатының сапасына айрықша назар аудара бастады. Уистлерде техникалық мамандар сапалы шаңғы жолын жасау үшін, жаңа жауған қарды жасанды қармен араластыруда. Ал шаңғы спорты орталығындағы мамандар сырғанауға ыңғайлы болу үшін нысандағы мұзды температурасы минус 5 градус деңгейінде сақтау үшін жұмыс істеуде.
Қысқы маусымның басында қардың жетіспеуі Олимпиада ұйымдастырушыларын арнайы шаралар қабылдауға мәжбүрлеуде. Атап айтқанда, тау беткейлерінің жоғарғы учаскелерінде қар ұстау жұмыстары жүргізілуде және ойын басталуға үш апта қалғанда ол қар таудың етегіне түсіріліп, фристайл және сноубординг жарыстарына соқпақтар дайындалады.