Венада ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесіне қатысушылар Ақтөбедегі террористік актіге байланысты көңіл айтты

Венадағы Қазақстанның халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдігі өз кезегінде ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттерге қайғыға ортақтасқандықтары үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, қазақстандық өкілдік тарапынан Ақтөбедегі террактіге қатысты қайтыс болғандар мен жапа шеккендер саны, Қазақстанның құзырлы органдары тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттар берілді. Еліміздің аумағында терроризм қаупінің 40 тәулікке жалғасатын «сары» деңгейі белгіленгені айтылды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Венадағы өкілдігі Ыстамбұл қаласында 7 маусымда орын алған террористік актіге байланысты бауырлас Түркия халқына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. «Қазақстан терроризм мен зорлық-зомбылық тудырып отырған экстремизм әрекеттерін қатал айыптайды. Сонымен қатар, терроризм мен экстремизмнің барлық көріністеріне қарсы күрес бойынша халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратын болады. Жақында орын алып отырған оқиғалар экстремистік топтардың бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздік үшін айтарлықтай жаһандық қатер тудыратынын тағы да көрсетті», - делінген Венадағы Қазақстан өкілдігінің мәлімдемесінде.