Венесуэла билігі жер сілкінісінен зардап шеккендер санының артқанын хабарлады
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністері салдарынан қаза тапқандар саны 3 899 адамға жетті. Тағы 16 740 адам жарақат алған, деп хабарлайды Report.
Бұл туралы Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеген.
Оның айтуынша, гуманитарлық көмек 86 794 отбасыға жеткізіліп, 16 892 отбасы 89 уақытша орналастыру лагеріне жайғастырылған.
Өз кезегінде АҚШ-тың Каракастағы елшілігі америкалық гуманитарлық көмектің Венесуэланың 30 мыңнан астам тұрғынына көрсетілгенін хабарлады. Көмек Global Empowerment Mission (GEM) бағдарламасы аясында таратылып жатыр.
Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы (ПАДҰ) елдегі жағдайдың әлі де төтенше күйде екенін мәлімдеді. Ұйымның бағалауынша, табиғи апаттың салдарын жою үшін 24 миллион доллар қажет. Алайда әзірге оның шамамен 9 миллион доллары ғана жұмылдырылған.
ПАДҰ директоры Жарбас Барбозаның айтуынша, қазіргі негізгі қауіптер — медициналық көмектің үзілуі, таза ауызсудың тапшылығы, уақытша паналау орындарының шамадан тыс толуы және вакцинацияны жалғастыру қажеттілігі.
Еске салайық, 24 маусымда Венесуэлада араға небәрі 39 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жойқын жер сілкінісі тіркелді. БҰҰ Даму бағдарламасының бағалауынша, табиғи апаттан келген экономикалық шығын шамамен 6,7 миллиард доллар болды. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.