11:27, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Венесуэла: мұнай көп, сондықтан ОПЕК мұнай өндіру көлемін тағы да төмендетуі мүмкін
КАРАКАС. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат – Әлемде мұнайдың қомақты қоры жасақталып отыр, сондықтан да Мұнай экспортаушы елдер ұйымы (ОПЕК) ағымдағы жылдың наурыз айында мұнай өндірісін төмендету туралы шешім қабылдауы ықтимал.
Венесуэланың мұнай министрі Рафаэль Рамирес осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Министр, мұнай өндірісінің көлемін қысқарту туралы бұған дейінгі шешім сұраныс пен ұсынысты теңестіре алмағанын, әлемдік қаржы дағдарысының тұсында мұнай шикізатының құны құлдырап бара жатқанын еске салып өтті. Каракас наурыздың 15-інде өтетін мұнай министрлерінің кездесуінде мұнай өндірісінің көлемін әлі де төмендету мәселесін көтермек. Естеріңізге сала кетейік, ақпанның 13-індегі сауда қорытындысы бойынша, алдағы айдағы мұнай фьючерстерінің ресми бағасы: Лондон биржасында 44,81 доллар/баррельді құраса, Нью-Йорк биржасында 37,51 доллар/баррельді құраған.