Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,3 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM — 24 маусымда Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 3 342 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолы.

Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,3 мыңнан асты
Фото: Анадолы

Бұл туралы Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес әлеуметтік желідегі парақшасында табиғи апаттың салдарына қатысты жаңартылған мәліметтерді жариялады.

Оның айтуынша, 16 740 адам жарақат алған.

Сондай-ақ Родригестің мәліметінше, құтқарушылар үйінді астынан 6 462 адамды аман алып шыққан. Ал 17 345 адам баспанасыз қалған, олар үшін 79 уақытша орналастыру орталығы ашылды.

Ол осы уақытқа дейін 86 794 отбасыға көмек көрсетілгенін айтты. Зардап шеккендерге 9 585 тонна азық-түлік пен 669 008 литр ауыз су жеткізілген.

Родригестің сөзінше, жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстарына 29 567 әскери қызметші мен полиция қызметкері, сондай-ақ 27 482 ерікті жұмылдырылған.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, билік жоғалған адамдар туралы ақпарат қабылдау үшін арнайы телефон желісі мен цифрлық платформаны іске қосты. Алайда әзірге із-түзсіз жоғалғандар саны туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Сонымен қатар жоғалған адамдарды іздеу үшін құрылған «Венесуладағы жер сілкінісінен жоғалғандар» (Desaparecidos Terremoto Venezuela) азаматтық бастамасының сайтында бүгінгі күнге дейін 31 мыңнан астам өтініш тіркелген.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) дерегіне сәйкес, 24 маусымда Венесуэлада араға 39 секунд салып, магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі болған.

БҰҰ Даму бағдарламасы (UNDP) 26 маусымда жер сілкіністерінен келген тікелей материалдық шығынды 6,7 миллиард доллар деп бағалады.

Елде іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мамандар қаза тапқандар мен зардап шеккендер санының әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Осыдан бұрын Венесуэладағы табиғи апаттан қаза тапқандар саны 3000-ға жуықтағанын жазғанбыз.