Венесуэлада Х әлеуметтік желісі қайтадан жұмыс істей бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Уақытша президент Делси Родригестің жарлығы бойынша Х әлеуметтік желісі қайтадан жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Anadolu Ajansı.

Венесуэлада Х әлеуметтік желісі қайтадан жұмыс істей бастады
Фото: pexels

Родригес пен ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо Х әлеуметтік желісінде өздерінің алғашқы посттарын жариялады.

- Осылайша, біз қайтадан байланысқа шықтық. Венесуэла күш-қуат, өзіне деген сенімділік пен тарихи санасы арқылы өз қалпын сақтап қалды. Экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік әділдік, басқаша айтқанда Венесуэла халқы лайықты мемлекет жолында болашаққа нық қадам баса береміз, - деді Родригес.

Осыған дейін Х платформасын қаншама мәрте сынаған Ішкі істер министрі Кабельо Венесуэлада бұл арнаның қайтадан халықтың байланыс көзі болып қала беретінін мәлімдеді.

- Байланыста болыңыздар, біз жеңеміз, - деді ведомство басшысы.

Осыған дейін Венесуэланың АҚШ-пен алғашқы дипломатиялық байланыстарды бастайтыны және Трамп өзін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы деп жариялағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар