Венесуэлада жер сілкінісі құрбандарының саны 3 811 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3 811 адамға жетті, 16 740 адам жарақат алды, ал мыңдаған тұрғын әлі де баспанасыз қалып отыр.
Бұл туралы Анадолы агенттегі Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригеске сілтеме жасап хабарлады.
Америкалық X әлеуметтік желісінде жарияланған ресми хабарламада Родригес табиғи апаттан кейін 86 794 отбасыға көмек көрсетілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, 6 462 адам құтқарылды, 856 ғимарат зақымданып, 190-ы толық қираған.
Билік 9 603 тонна азық-түлік пен 9,6 миллион литрден астам ауыз су таратты. Сондай-ақ 27 398 адам медициналық көмек алған.
Құтқару және көмек көрсету жұмыстарына 30 076 қызметкер мен 28 992 ерікті, сондай-ақ 4 388 халықаралық құтқарушы жұмылдырылды.
Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін 87 уақытша лагерь ашылды. Билік алғашқы жер сілкіністерінен бері 1 102 афтершокты тіркеген.
АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, 24 маусымда Оңтүстік Америкадағы бұл елде араға небәрі 39 секунд салып, магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі болған.
Апат салдарынан ауқымды қираулар орын алып, ел ішінде де, халықаралық деңгейде де кең көлемді гуманитарлық көмек көрсету шаралары қолға алынды.
Бұдан бұрын Қытайдың жер сілкінісінен зардап шеккендерге жіберген алғашқы гуманитарлық көмегі Венесуэлаға жеткенін жазғанбыз.