Венесуэлада жер сілкінісінен кейін гуманитарлық ахуал күрт нашарлады

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністерінен кейін гуманитарлық жағдай күрт нашарлап, ондаған мың адам баспанасыз қалды, деп хабарлайды БҰҰ.

Гуманитарная ситуация в Венесуэле стремительно ухудшается после землетрясения
Фото: В. Фермин

24 маусымда араға бір минутқа жетпейтін уақыт салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі болған. Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра штатында алты күнге созылған іздестіру-құтқару жұмыстары барысында үйінді астынан бір бала тірі шығарылды.

Венесуэла билігінің мәліметінше, жер сілкінісі салдарынан 1 943 адам қаза тауып, 6 400-ден астам адам құтқарылған. Елде ондаған мың тұрғын баспанасыз қалып отыр. Сонымен қатар мыңға жуық ғимарат, оның ішінде ауруханалар, 400-ден астам мектеп пен сумен жабдықтау жүйелері қираған немесе қатты зақымданған.

«Қаза тапқандар саны артқан сайын гуманитарлық қажеттіліктер де күрт өсіп келеді», – деп мәлімдеді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы.

БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) алдағы үш айға 100 мың адамға жететін гуманитарлық көмек жеткізді. Жүктің құрамына шұғыл медициналық көмек жиынтықтары, қауіпсіз босандыруға арналған дәрі-дәрмек, жаңа туған нәрестелерге қажетті құралдар, су тазарту және сақтау жабдықтары, шатырлар, мүгедектер арбалары, сондай-ақ балалардың оқуын жалғастыруына арналған ойын және оқу материалдары кірді.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқармасы зардап шеккендерге уақытша баспана ұйымдастырып жатыр. Ал БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы халықаралық құтқару топтарының жұмысын үйлестіруде. Ұйымның апат салдарын бағалау және үйлестіру тобы (UNDAC) гуманитарлық көмекті қай өңірлерге бірінші кезекте жеткізу қажеттігін анықтап жатыр.

«Әрбір адамның өмірі маңызды», – деп мәлімдеді БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы.

Ведомствоның мәліметінше, ұлттық және халықаралық іздестіру-құтқару топтары Ла-Гуайра штатында жұмыстарын жалғастырып жатыр.

ЮНИСЕФ мәліметінше, жер сілкінісінен зардап шеккен алты штатта 680 мыңға жуық бала гуманитарлық көмекке мұқтаж. Сонымен қатар өңірде 600-ден астам афтершок тіркеліп, тұрғындар үшін қауіп әлі де сақталып отыр.

«Зардап шеккен өңірлердегі отбасылар таза ауыз су мен медициналық көмекке аса мұқтаж. Көптеген адам жаңа жер сілкінісінен қауіптеніп, ашық аспан астында түнеп жүр. Жеткізілген гуманитарлық көмек аса маңызды қажеттіліктерді өтейді, алайда қазіргі қажеттілік бұдан әлдеқайда жоғары», – деді ЮНИСЕФ-тің Латын Америкасы және Кариб бассейні бойынша өңірлік директоры Роберто Бенес.

ЮНИСЕФ Венесуэладағы төтенше жағдайға әрекет ету үшін 52 млн доллар қажет екенін мәлімдеп, халықаралық қауымдастықты шұғыл қаржылай қолдау көрсетуге шақырды. Бұл қаражат ұйымның 2026 жылға арналған 137,6 млн долларлық гуманитарлық жоспарының бір бөлігі саналады. Қазіргі уақытта оның небәрі 35%-ы ғана қаржыландырылған.