Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 188 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэлада болған екі қуатты жер сілкінісінің салдарынан қаза тапқандар саны 188 адамға жетті. Тағы 1520 адам жарақат алған. Бұл туралы Kazinform агенттігі VTV телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Венесуэла Ұлттық ассамблеясының спикері Хорхе Родригес жер сілкінісі құрбандарының саны 188 адамға дейін артқанын мәлімдеді.
— 1520 адам жарақат алып, ауруханаларға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — деді ол VTV телеарнасы арқылы жасаған үндеуінде.
Сонымен қатар 157 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында қалып отыр, ал 200-ден астам адам қираған ғимараттардың үйінділері астында болуы мүмкін. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Табиғи апат салдарынан сегіз аурухана, 20 сауда орталығы және 68 инфрақұрылым нысаны зақымданды. Жалпы саны 250 ғимарат бүлініп немесе толық қираған. Кейбір медициналық мекемелер эвакуацияланды.
Еске салсақ, 24 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:04-те Венесуэлада магнитудасы 7,2 болатын алғашқы жер сілкінісі тіркелді. Оның ошағы 13 шақырым тереңдікте орналасып, эпицентрі астанадан 200 шақырым қашықтықтағы Морон қаласы маңында болған.
Одан кейін көп ұзамай жер бетіне жақын, небәрі 10 шақырым тереңдікте магнитудасы 7,5 болатын екінші күшті жер сілкінісі орын алды.
United States Geological Survey (АҚШ Геологиялық қызметі) мәліметінше, магнитудасы 7,5 болған бұл жер сілкінісі 1900 жылдан бері Венесуэлада тіркелген ең қуатты зілзала саналады.
Сондай-ақ ведомствоның болжамына сәйкес, жер сілкінісі құрбандарының саны 44 пайыз ықтималдықпен 10 мыңнан 100 мың адамға дейін жетуі мүмкін.
Бұған дейін Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 160 адамнан асқаны хабарланған еді.