Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 5 069 адамға жетті. Бұл туралы елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес Telegram-арнасында мәлімдеді, деп жазады Report.

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5 мыңнан асты
Фото: Report

Жарияланған үкіметтің күнделікті мәліметіне сәйкес, 16 740 адам жарақат алып, ал 17 907 тұрғын баспанасыз қалған. Сонымен қатар 190 ғимарат толықтай қирап, тағы 856 ғимаратқа елеулі зақым келген.

Іздеу-құтқару жұмыстары барысында 6 462 адам құтқарылып, 36 951 адамға медициналық мекемелерде көмек көрсетілді.

Сонымен бірге 128 324 отбасы гуманитарлық көмек алған, 21 235 адам 107 уақытша лагерьге орналастырылды. Зардап шеккендерге жалпы көлемі 10 063 тонна азық-түлік таратылды.

Еске салайық, Венесуэлада жойқын жер сілкінісі 24 маусым күні кешке болды. Шамамен 40 секунд аралықпен магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жерасты дүмпуі тіркелді. Жер сілкіністерінің эпицентрлері Яракуй штатында бір-бірінен шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Табиғи апаттан кейін 1 331 афтершок тіркелді.