Венециялық белсенділер Джефф Безостың тойына қарсылық танытып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Венецияда белсенділер Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безостың алдағы аптада өзінің сүйіктісі Лорен Санчеспен некелесуіне қарсы бірнеше наразылық акциясын бастады, деп хабарлайды BBC.

Бұл бірнеше миллион доллар тұратын ауқымды салтанатты шара болады, соның салдарынан әйгілі қаланың кейбір ауданы уақытша жабылуы мүмкін.
Осыған байланысты белсенділер Сан-Джорджо Маджоре базиликасының қоңырау мұнарасынан және Риальто көпірінен Безосқа қарсы баннерлер ілді. Сонымен қатар келесі аптада олар венециялық каналдарға секіріп, оларды бөгеп, қонақтардың той өтетін жерге жетуіне кедергі жасау мақсатында тар көшелерді жауып, іс-шараны бұзуға ниетті.
Белгілі болғандай, 23-28 маусым аралығында жүздеген мәртебелі қонақтар Сан-Марко алаңының қарама-қарсы жағындағы Сан-Джорджо аралында өтетін тойға қатысу үшін Венецияға барады.
Италиялық БАҚ мәліметтері бойынша, тойға арналған барлық сәнді қонақүйлер мен көптеген су таксиі әлдеқашан брондалып қойған.
Бұдан бұрын Reliance Industries төрағасы әрі Үндістандағы ең бай адамдардың бірі Мукеш Амбанидің ұлы Анант Амбани фармацевтикалық магнат Вирен Мерчанттың қызы Радика Мерчантқа үйленетіні хабарланды.