13:33, 14 Қаңтар 2010 | GMT +5
Венгрия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне жан-жақты жәрдем беруге дайын - Венгрия Айырықша тапсырмалар жөніндегі елшісі
А. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Венгрия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне жан-жақты жәрдем беруге дайын. Бүгін Венгрия Республикасы СІМ Энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша айырықша тапсырмалар жөніндегі арнайы елшісі Михай Байер журналистермен сұхбат барысында осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ресми Будапешт бұған дейін де Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесіне үлкен қолдау жасаған болатын. Ағымдағы жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында Қазақстан ұйымның белсенді төрағасы ретінде өзін таныта алады деп ойлаймын және бұрынғы қарқынды үдете түсетін жұмыстар атқарады деп сенемін. Бұл төрағалықты Қазақстанның сыртқы саясат бағытындағы үлкен жетістігі деп атауға болады. Біз ЕҚЫҰ жұмысы биылғы жылы да қолданыстағы негізгі қағидаттар негізінде жүзеге асады деген сенімдеміз және ұйым шеңберіндегі басқа да әріптестерімізге Қазақстанның төрағалығы қосымша ынталылық көрсетеді деп ойлаймын», деді М. Байер.